#qyzylordatv #жұмысшымамандықтаржылы

Жұмысшы мамандарға құрметті арттырып, лайықты жалақы төлеу қажет. Мемлекет басшысы Жолдауда осылай деді. Қазір экономиканың нақты салаларында мыңдаған жұмыс орны бос тұр. Жас мамандардың айлығын көтеріп, өндіріске тарту керек, - деді Президент. Сан-саланың қарапайым қызметкерлері еліміздің түкпір-түкпірінен Астанаға арнайы келіп, жолдауды тыңдады.

 Бар өмірін көмір саласына арнаған кеншілердің бірі - Рышат Әміренов те үкімет үйіне келді. Тәжірибелі маман, мамандыққа деген сүйіспеншілік болса, жетістігі де көп, жемісі де мол болады дейді. Алғашқы еңбек жолын 1986 жылы Екібастұздағы «Шығыс» кенішінде бастаған ол қазір бейнетінің зейнетін көріп отыр. Бүгінде 6 баласының үшеуі ізін жалғап келеді.

РЫШАТ ӘМІРЕНОВ - КЕНШІ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК ЕРІ //Әр мамандықты өзің сүйіп, сүйсініп істейтін болсаң, жұмыстың ешқандай қиындығы жоқ. Мұның ең соңғы нәтижесі – ол халыққа деген жылу, халыққа деген жарық. Осыны түсініп, ұғымына алатын болса, барлығы әрдайым кеншілік мамандықты таңдайтын еді.

 Ал ақтөбелік Баймулдиндер әулеті металлургтер династиясын жалғап келеді. Ферроқорытпа зауытының қызметкері Нұрлан Баймулдиннің атасы, әжесі, әкесі, ағалары осы салада ұзақ жылдар жұмыс істеді. Қара жұмыстан қаймықпаған металлургтер отбасының жалпы еңбек өтілі 300 жылдан асқан.

 НҰРЛАН БАЙМУЛДИН - АҚТӨБЕ ФЕРРОҚОРЫТПА ЗАУЫТЫНЫҢ БРИДАГИРІ // Мынадай үлкен жиынға бірінші рет қатысып отырмын. Президент бұл жылды жұмысшылар жылы деп жариялады. Бұл бастама - жас мамандарға ерекше шабыт берді. Көңілге сенім ұялатты. Ары қарайда жұмысымызды осы қарқында жалғастырамыз.

 Осылайша биыл Жолдау жарияланған ауқымды жиынға мемлекеттік қызметкерлерден бөлек, кенші, металлург, ғалым, машинист секілді қарапайым жұмысшы мамандары да қатысып, маңызды жиында қаузалған мәселелерге қатысты пікірімен бөлісті.

АЛТЫНАЙ ЖАҚАТАЕВА - ҚАЗАҚ ЕГІНШІЛІК ЖӘНЕ ӨСІМДІК ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМИ ИНСТИТУТЫНЫҢ АҒА ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ // Бүгінгі Президент Жолдауынан кейін үлкен мотивация алып, нақты болашаққа деген сенім одан ары арта түсті. Қазіргі таңда өз басым, органикалық егіншілік саласында жұмыс жасап жатырмын. Жаңа проектілер жасау керек. ЖИ, Цифрландыру бойынша және де қайта өңдеу шикізат саласы бойынша сол бойынша ары қарай жұмысымызды көркейту керек.

 Президент биылғы жылды жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялағаны белгілі. жолдау аясында сала мамандарына құрмет көрсетіп қана қоймай, айлығын да арттыру мәселесі көтерілді. Бұл мәселені реттеу – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі болуы тиіс деді,- Мемлекет басшысы.