#qyzylordatv
Жаңақорған ауданында егін жинау науқаны басталып, шаруалар күрішке орақ салды. Күзгі жиын-терімге 300-ге тарта ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылады. Дәстүрлі дала жиынында бас қосқан диқандар озат еңбеккерлерге құрмет көрсетті.
Қырман даласында берекелі күздің бейнесі көз тартады. Шат-шадыман болған шаруалар мен алқапты ән-жырға бөлеген өнерпаздар. Егіс даласына жиналған еңбеккерлер ал ағаларының батасымен күрішке алғашқы орақ салды.
Биыл ауданда күріш көлемі былтырғыдан 245 гектарға азайған. Шаруалар егіс көлемін әртараптандыруға басымдық беріп, 35 мың гектарға егін орналастырылса, негізгі дақыл күріштің көлемі 7 300 гектар. Оған қоса күздік және жаздық бидай, тары, мақсары егілген. Ал картоп, көкөнiс және бақша дақылдарының көлемі 2500 гектардан асады. Сунақата ауылына қарасты «Әмір» шаруашылығының күріш алқабында бас қосқан диқан қауымға аудан әкімі сәттілік тіледі.
Диқандар судың тапшылығына қарамастан жылдағыдай мол өнім алуға үмітті. Күрішшілердің басым бөлігі материалдық-техникалық әлеуетін жаңартуға басымдық берген. «Әмір» шаруа қожалығы жаз мезгілінде арнайы насостардың көмегімен егістікті аман сақтап, алып шыққан.
Ауданда су үнемдеу мақсатында биыл 4 мың гектар алқап лазерлік тегістеуден өткен. Шаруалар егін жинау науқанын қазан айының ортасында аяқтауды жоспарлап отыр. Орақ салу рәсімінен соң аудан өнерпаздары дала төсін дүбірге бөлеп, ән-күйден шашу шашты.