#qyzylordatv

Аймақтағы әлеуметтік нысандардың жылу маусымына дайындығы қалай? Қатты отынмен жылытылатын ғимараттарға қажетті қор қашан жеткізіледі? Сондай-ақ әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін салынған тұрғын үйлердің сапасы қандай? Облыстық мәслихат депутаттары осы мәселелерді дер кезінде шешу үшін аудандарды аралап, әлеуметтік нысандардың қысқы маусымға дайындығын көрді.

Облыстық мәслихаттың Экология, өндіріс, шаруашылық және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшелері алдымен Жаңақорған ауданында болды. Кенттің Саяжай, Алтынсарин мөлтек аудандарында екі пәтерлі 40 тұрғын үйдің бой көтеруде Бұл әлеуметтік жағынан осал топтар үшін салынып жатыр. Құрылыс алаңында 71 адам жұмыс істейді. Мердігер мекеме өкілдері депутаттарға жұмыс барысын баяндады. Қазір шатыр жабу, қабырға қалау, ішкі әрлеу жұмыстары атқарылуда. Халық қалаулылары тұрғын үйлердің сапасы мен мерзімінде аяқталуына назар аудару қажеттігін тапсырды.

 Кент орталығында халық санының өсуіне байланысты емхана салу қажеттілігі туындап отыр. Денсаулық сақтау саласының өкілдері тұрғындардың медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру қажеттігін жеткізді. Бұл жоба қолдау тапса шамамен 15 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Комиссия төрағасы бұл ұсынысты құжат негізінде көтеру мәселесін алға тартты. Мұнан соң депутаттар №7 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар жасөспірімдер мектебіне барды. Ғимарат 2005 жылдан бері пайдаланылып келеді. Мектеп директоры жылыту жүйесінің техникалық мүмкіндіктері мен қауіпсіздік шараларының жан-жақты қаралғанын жеткізді. Қажетті жөндеу жұмыстары аяқталып, қазандықтар толық тексеруден өткен.

Әрі қарай депутаттар Шиелі ауданында болып, білім, спорт, денсаулық сақтау және құрылыс саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Қазіргі уақытта ауылдық елді мекендерге қатты отын қоры толықтай жеткізілмеген. Дегенмен жауаптылар қажетті отын қорымен қамту бағытындағы жұмыстардың басталғанын баяндады. Комиссия төрағасы бірнеше нысанға қатысты ұсыныстарды ескере отырып, тиісті жұмыстарды үйлестіру керектігін жеткізді.

 Сапар барысында Сырдария ауданындағы №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің де жылу маусысына дайындығы пысықталды. Сырдария спорт клубы мен аудандық аурухананың бу қазандықтарының жағдайын көрген комиссия мүшелері мекеме басшыларынан мән-жайға қанықты. Сондай-ақ, ауданда газға қосылмаған білім беру ұйымдары, спорт нысандары және денсаулық сақтау мекемелерінің басшыларына қысқа дайындық жұмыстарын пысықтау бойынша нақты ұсыныстар берілді. Сондай-ақ әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға арнап салынған тұрғын үйлердің сапасын тексерді.

 Ал Жалағаштағы №13 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар жасөспірімдер спорт мектебі былтыр қатты отынмен жылытылған. 40 жыл бұрын салынған ғимараттың жылу қазандығы биыл газ құрылғысына ауыстырылып жатыр. Мердігер мекеме басшысы жөндеу жұмыстары 15 қыркүйекте толық аяқталатынын жеткізді. Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжін де газбен жылыту жүйесіне ауыстыру маңызды іс. Білім ордасы бұл жылыту маусымын қатты отынның көмегімен өткереді. Ол үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, жеңімпаз да белгілі болған. Ал күн тәртібіндегі мәселені депутаттар келер маусымға дейін реттеу қажет деді. Комиссия мүшелерінің сапары әрі қарай Қармақшы, Қазалы, Арал аудандарында жалғаспақ.