#qyzylordatv

Бүгін Үкіметте Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы бағыттар бойынша міндеттер айқындалған жиын өтті. Оған облыс әкімдері селекторлық режим арқылы қатысты.

Үкімет отырысынан кейін өңірде арнайы жиын өтіп, сала басшыларына тапсырмалар жүктелді. Мемлекет басшысы ел экономикасын дамытудың 7 маңызды негізгі бағытын белгіледі. Олар - қомақты инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібіне жаңа серпін беру, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, көлік логистикасын, экономиканы, адам капиталын, елімізді цифрлық дамытуға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысты жаңа міндеттер.

 Жиында осы ретте өңір экономикасын тұрақты дамыту шараларын жалғастыру туралы айтылды. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы межеленген 631 млрд 400 млн теңге инвестиция тартуды мүдделі облыстық басқармалармен, аудан, қала әкімдерімен бірлесіп атқаруы тиіс.

 Осы аптада Мемлекет басшысының халыққа Жолдауын жүзеге асыруға арналған кеңейтілген жиын өтеді.