Сыр төрінде «Абай айтқан «Еңлік-Кебек» трагедиясы сахналанды. Классикалық туындыны Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрының ұжымы қызылордалық өнерсүйер қауымның назарына ұсынды.

Қазақ даласында ерте заманның елесінде кетсе де ел жадында әлі күнге аңыз-әпсана, дастан-жыр болып сақталған тарихи дүниелер жетерлік. Соның бірі «Еңлік-Кебек» лиро-эпостық дастаны. Бұл махаббат хикаясын Абай заманында ақынның жеткізуімен Шәкәрім мен Мағауия дастанға арқау етті. Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов тұңғыш рет сахналық нұсқасын жасап, қойылым ретінде көрермен назарына ұсынды.

 Абай өлкесіндегі өнер ұжымының үздік туындысы қазақ руханиятының осынау алып тұлғалары — Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағауия Абайұлы және Мұхтар Әуезовтің әдеби мұраларына негізделе отырып сахналанған. Осылайша жаңашылдық сипат сыйлайтын тартымды дүние шығыпты.

ДОС ҚҰБАШ ¬– АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ // Ерекшелігі сонау қазақ қалмақ соғысынан бастап, Еңілік-Кебектің трагедиясына дейін алып келеді. Сол жерде қазақ халқының қысқаша тарихы да қоса баяндалып отырады. Сыр елі мен Ертіс өңірінің арақатынасы, достығы, 100 жылдық мерейтоймен құттықтай отырып, өз өнерімізді Сыр еліне паш етпек мақсатта келіп отырмыз.

Ұлт мәдениеті мен руханиятының өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген театр ұжымы Сыр еліне сапарын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойымен сабақтастырып отыр. Еңлік пен Кебек тағдыры арқылы елдік, бірлік, адамгершілік, махаббат секілді мәңгілік құндылықтар көркем бейнеде көрініс тапқан.Ерекшелігі сол, қойылымда заманауи режиссура мен дәстүрлі сахналық тәсілдер шебер үйлеседі.

Қойылымды аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев, Абай облысының әкімі Берік Уәли, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері тамашалады. Ал, облыс әкімінің атынан берілген ықылас гүлі – өнерге деген құрмет, театр ұжымына - ілтипат.

«Еңлік-Кебек» қызылордалық көрермендердің де жүрегіне жол тауып,өнер сүйер қауымның жоғары бағасын алды. Осылайша қазақтың тұрмыс-тіршілігін, болмысын айқындай түсетін қойылым көпшілікті тәнті етті.