Түркиядан жеткен ақжолтай жаңалық. «Qyzylorda» арнасы түсірген «QYZYLORDA EXPEDITION. Өшкен өркениеттер ізімен» деректі фильмдер сериясы Түркияның «TRT Avaz» телеарнасының эфирінен көрсетіле бастады. Тарихымыздың тамыры тереңде жатқанын әйгілеу үшін қолға алынған «Қызылорда экспедишн» жобасына түрік ағайындар бірден қызығушылық танытқан. Өйткені түбір бір түркі жұрты Сырдың бойын ата қоныс еткен оғыздардан тарайды.
«ҚЫЗЫЛОРДА ЭКСПЕДИШН» жобасы құланы жортқан Арал атырабынан бастап, қарт Қаратауға дейінгі аралықты аралады. Жоба жиһангездері көне шаһарларға ат шалдырып, ежелгі өркениеттеріміз туралы жаңа деректерді елге ұсынды. Олардың ішіндегі ең негізгі ірілері – Сығанақ, Сауысқандық, Сауран, Жетіасар жазирасы. Сондай-ақ, Қызылқұмның құндағында жатқан Шірік – Рабат мәдениетіне тиесілі бірнеше қаланың орнына барып, сан ғасырлық тарихымызды боямасыз көрсетті.
Жоба барысында дерек пен дәйек сапалы әрі нақты болуы болуы үшін ондаған адам еңбек етуде. Олар археолог мамандармен ақылдасып, ерте ғасырлар туралы жазылған ғылыми еңбектерге жүгінді. Өшкен өркениеттер ізімен жүруді мақсат еткен түсірілім тобы мыңдаған шақырымды артқа тастап, ежелгі қалалардың орнында апталап жатып, өз саласының білікті мамандарымен бірлесіп, құнды деректерге қол жеткізді.
БЕКЗАТ ЕСҚАЛИЕВ – «QYZYLORDA EXPEDITION. ӨШКЕН ӨРКЕНИЕТТЕР ІЗІМЕН» ЖОБАСЫНЫҢ РЕДАКТОРЫ
«QYZYLORDA EXPEDITION» жобасы бұл жазиралы байтақ даламыздағы тарыдай шашылған жауһарлы жәдігерлерімізді жұртшылыққа таныту. Негізгі идеясы – сол. Бұл экспедицияны ұйымдастыру барысында Алматыдағы Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институттың мамандары, Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің археолог мамандары, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Археология және этнография орталығының археолог мамандары тартылды. Ежелгі саяхатшылар айтады, «Мынау Арал маңынан бастап, үйдің шатырына шыққан ешкі мынау Отырардың даласына дейін ешқандай жерге түспей баратын еді» дейді. Яғни төбе сайын кезігетін бұл жердегі қалалардың молдығын айтады.
Сапар барысында нақты ақпаратпен қатар, көпшілік біле бермейтін деректер де анықталды. Хабарды тыңдап отырсаңыз, «ә, осылай болған екен ғой» дейтін тұстары өте көп екенін байқайсыз. Мәдени ордалардан маржан сүзіп, кәрі тарихтан тың мағлұматтар іздестіретін жобаның әр саны сонысымен құнды, сонысымен қызық.
БЕКЗАТ ЕСҚАЛИЕВ – «QYZYLORDA EXPEDITION. ӨШКЕН ӨРКЕНИЕТТЕР ІЗІМЕН» ЖОБАСЫНЫҢ РЕДАКТОРЫ
Ең ерекше деген дүние біз Шірік-Рабат мәдениетіне тиесілі біздің заманымызға дейінгі үшінші-төртінші ғасырларда күмбезделіп салынған Баланды кесенесін таспаға тарттық. Осыған дейін өздеріңізгі мәлім мына Еуропацентристік көзқарасты алға тартатын мамандар жалпы жер бетінде ең алғашқы күмбезді кесене біздің заманымыздың бірінші ғасырда салынған деп айтқан болатын. Алайда біздің жеріміздегі тарихи нысандар күмбезді кесенелердің осы біздің заманымызға дейінгі 3-4 ғасырларда яғни осыдан 2500-2400 жыл бұрын қазақ даласында салынғанын көрсетіп отыр.Және де бір қызығы осы қазақ даласында әлі күнге дейін келе жатқан күмбезді нысандардың барлығы сол қазақ даласында ерте заманда салынған күмбезді кесененің негізінде салынып келе жатыр.
Құндылығы жоғары, салмақты жобаға түрік ағайындардың қызығушылық танытуы бекер емес. Деректі фильмдер тұтас түркі жұртының тарихын баяндайды. Кәсіби білікті мамандар бірлесуімен жүзеге асқан жоба биыл республикалық «AMANAT медиа сыйлығының» «Аймақ туралы үздік материал» номинациясын иеленген болатын.
Айта кетейк, Түркияның TRT корпорациясына қарасты “TRT Avaz” арнасы әлемнің 27 еліне тарайды. Деректі фильмдер енді әр дүйсенбі күні Түркия уақытымен сағат 12.00, 20.30, 01.00 көрсетілуде.
Әлем елдеріне жол тартқан жоба бұнымен тоқтап қалмақ емес. Көне тарихтың күмбірін жеткізетін жобаның жаңа шығарылымы қараша айында көрерменге ұсынылады.