Берекелі күздің көрінісі Тасбөгет кентінің орталық алаңында да байқалды. Тұрғындар шиелілік шаруалар әкелген табиғи әрі таза өнімдерді алып, мәре-сәре күйге бөленді.
Кенттің кіре берісіндегі көше бойында ғасыр адамы атанған тарихи тұлғалар мен дала еңбеккерлерінің суреті қойылған. Ал орталық алаңнан нағыз ауылдың исі аңқиды. Диірмен тартып, құрт жайған ақ жаулықты аналар еңбектің үлгісін көрсетсе, алтыбақанда асыр салған балалар алаңсыз ауыл өмірін аңғартады. Биыл Шиелі алтын күз мерекесінде «Озат аудан» атанды.
Ауыл шаруашылығы саласында еңбегі еселенген диқандардың жиған өнімі мол. Жәрмеңкеге 150 тоннадан астам өнім жеткізген. Соның ішінде 20 тоннадан астамы күріш.
Көпбалалы ана Гүлзия Мұратбекқызы нан өнімдерін дайындайтын кондитерлік цех ашқан. Жәрмеңкеге өзі өндірген өнімнің бірнеше түрін әкеліпті. Арнайы қоспасыз дайындалатын өнімдерге сұраныс жоғары дейді ол.
Мұнан бөлек жәрмеңкеге 30 тонна бақша өнімі, 50 тонна картоп, 12 тонна асқабақ, 40 тонна көкөніс, 4 тонна ет және сүт өнімдері жеткізілген. Қыстық азығын қамдаған тұрғындардың да көңілі тоқ.
Еңбек пен берекенің үйлесімін көрсеткен диқандар тойы Шиелі ауданы өнерпаздарының мерекелік бағдарламасына ұласты.