Өткен аптада облыс орталығында айтулы іс-шаралар өтті. Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуы, қала күні, «Алтын күз» мерекесі. Аймақ өміріндегі елеулі шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруда ерекше ықылас пен ынтымақ танытқан барша саланың қызметкерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.

Халқымызда «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген жақсы сөз бар. Мереке күндері құқық қорғау органдары мен төтенше жағдайлар, медицина саласының қызметкерлері тарапынан адам көп шоғырланатын орындар мен нысандарда кезекшіліктер ұйымдастырылып, қоғамдық тәртіптің сақталуы, медициналық жедел жәрдем көмегінің көрсетілуі, төтенше оқиғалардың алдын алуы қатаң бақылауда болды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов облыс басшысының атынан полиция департаментінің қызметкерлерін Алғыс хатпен марапаттап, қызметтеріне сәттілік тіледі.

Осы кезең ішінде ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлауға және іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына бірнеше саланың өкілдері үлес қосты. Мәдениет, білім, БАҚ, спорт, кәсіпкерлік, тағы басқа да құрылымдар бірліктің озық үлгісін көрсетті. Солардың бірқатарына облыс әкімдігінде құрмет көрсетілді. Аймақ имиджін көтеруге, ел мерейін өсіруге ұйытқы болған азаматтарға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет облыс әкімінің шынайы ризашылығын жеткізіп, Алғыс хатын табыс етті.

Осы ретте айта кетейік, біздің телеарна өңірлер арасында алғаш рет жоғары жылдамдықта аудио, видео таратудың жаңа жүйесін іске қосты. Айтуға оңай болғанымен шын мәнінде оның артында үлкен еңбек тұр дейді телеарнаның бас инженері Бақытжан Камалұлы:

БАҚЫТЖАН ШӨКЕНОВ – QYZYLORDA ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ БАС ИНЖЕНЕРІ

//Еңбегіміздің еленгеніне разымыз. Іс-шара жаңа локацияда өткендіктен қашықтық, сигнал тарату жиілігін, бір мезетте қосылатын бейнекамералар мен дронды да есепке алу маңызды болды. Осы ретте біздің телеарна өңірлер арасында жаңа жоғары жылдамдықта аудио-видео тарату жүйесін, яғни Network Device International Interface-ті іске қосты. Сахнадағы және сырттағы ЛЭД-терде бейнелердің сапалы және бір мезетте таралуын қамтамасыз еттік. 1 шақырым кабель, 7 камера, 1 дрон, пультте отырған техникалық топ үздіксіз әрі сапалы тұрғыда өз жұмысын жасап шықты.//