Берекелі күзде Қармақшы ауданының еңбеккерлері де қала тұрғындарына тамаша тарту жасады. Журба көшесі бойында өткен жәрмеңкеге қасиетті өлке шаруалары 50-ден астам автокөлікпен 100 тоннаға жуық өнім әкелді. Молшылық мерекесіндегі және бір жәрмеңке турасында тілшіміз сабақтайды.
«Ораз ахун» шаруа қожалығы биылғы науқанда әртараптандыру бағытына басымдық берген шаруашылықтың бірі. Ұжымда еңбек ететін Ақжар ауылының тұрғындарына бақшалыққа жер телімдерін ақысыз түрде ашып берген. Тыңнан түрен салған дихандардың несібесі зор болды. Түрлі минералды тыңайтқышсыз, жер құнарымен өсірілген табиғи өнімге сұраныс жоғары. Берекелі жәрмеңкеде дәмі тіл үйірер қауын-қарбыз, бақша өнімдері ә дегеннен өтіп кетті. Сондай-ақ, жәрмеңкеде осы ауыл азаматтары арнайы көрме ұйымдастырып, қасиетті өлкенің мәдени мұрасын дәріптеді.
Дәстүрлі жәрмеңке азық-түлік бағасын тұрақтандырудың тиімді тетігі. Сондықтан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев барлық ауданның базарлығын байыппен бақылады. Бұл ретте қармақшылық шаруалардың тоқшылық тойына тартуы жоғары. 51 жүк көлігіне тиелген 100 тоннаға жуық өнім қала тұрғындарының қажетіне жарады. Мұндағы барлық өнім нарық бағамынан 10-15 пайызға арзан.
Жалпы, қармақшылық шаруалар жәрмеңкеге 40-қа жуық өнім түрін әкеліпті. Соның дені биыл орылған ақ күріш. Сыр салЫсының келісі 360 теңгеден саудаланды. Ал, картоптың келісі 170-180 теңге аралығында босатылса, сәбіз - 180, қызанақ - 150 теңгеден сатылды. Бұл ретте шаруалардың да ала жаздайғы табан ет, маңдай терін ескерген жөн. Сондықтан ұйымдастырушы тарап ауыл еңбеккерлеріне де, тұрғындарға да тиімді бағаны ұстап тұруды міндет еткен.
Берекенің бедері көрінген жәрмеңкеде толымды тірлік пен адал еңбектің иісі аңқып тұр. Бұл ауыл иісі! Сондықтан, жер анадан ырзық-несібесін айырып, адал еңбектің жемісін көрген шаруаларға алғыс алғаусыз. Дәстүрге сай таң ертемен басталып түс ауғанша толастамайтын сауда бұл жолы да өзіндік сәнімен өрнектелді.
Алтын күз – молшылық мерекесі. Ала жаздай атыз жағалаған диқанның дидары ажарлы, жәрмеңкесі – базарлы. Тоқшылық тойында қармақшылық өнерпаздар әннен шашу шашып, мерекенің шырайын келтірді.