Берекелі күздің берері көп. «Қала күні» мерекесі аясында шаһар шаруалары қала тұрғындарына табиғи таза өнімдерін ұсынды. Сырдың сол жағалауынан ашылған «Syr-Darya» коммуналдық базары маңында өткен жәрмеңкеде 75 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері қойылды.

Ғалымжан Шамахатов егістің ебін білетін диқан. Қызылөзек ауылдық округінің тұрғыны ширек ғасырдан бері бақшаның бабын келтіріп келеді. Биыл 2 гектар аумаққа картоп, қарбыз, қызанақ егіпті. Өнімі жаман емес, дейді. Бір сөзбен, қысқа қажетті өзі сайлап алады. Ал артылғанын осылай жыл сайын жәрмеңкеге шығаруды дәстүрге айналдырған.

Биыл қалаға қарасты елді мекендерде 38 шаруашылық 3474 гектар алқапқа күріш екті. Бұл жоспарлы көлемнен 355 гектарға кем. Яғни, әлі де су тапшылығы өзекті болып отыр. Дегенмен, қуаңшылық орын алған жоқ. Қызылордалық шаруалар күріштің әр гектарынан орташа 52 центнерден өнім алды. Бұл жап-жақсы көрсеткіш. Сондықтан жәрмеңкеде ұсынылған өнімнің көбі күріш болды.

Осылайша, жәрмеңкеде Сыр өңірінің брендіне айналған ақ күріштен бастап, балық, ет өнімдері, бақша дақылдары мен ұлттық сусындар ұсынылды. Сондай-ақ, үй жануарларынан зообақ көрмесі ұйымдастырылған. Аймақ басшысы жәрмеңкені асықпай аралап, тұрғындармен тілдесті. Табиғи таза өнімге сұраныс жақсы. Келушілердің бәрі мерекелік көңіл-күйде.

 Қала күні аясында ұйымдастырылған жәрмеңке нағыз мерекеге ұласты. Мұнда ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтіп, білекті әрі жүректі жігіттерге бағалы сыйлықтар табысталды. Ал, ауыл шаруашылығы саласының дамуына сүбелі үлес қосқан жандардың да еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Қала әкімі диқан қауымды арнайы құттықтап, үздік еңбеккерлерге алғыс хат табыстады. Мұнан соң облыс орталығында ұйымдастырылған «Үздік аула» байқауының жеңімпаздары мен тазалық қызметкерлеріне қаржылай сыйақы табысталды.

Жәрмеңкеде қызылордалықтарға ерекше көңіл-күй сыйлау үшін қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Мадина Сәдуақасова және қала өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды.