Қызылорданың астана болғанына 100 жыл толған мерейтойы мен қала күні мерекесі кең көлемде аталып өтті. «Қайсар-арена» стадионындағы дүбірлі думанда театрландырылған көрініс қойылып, тарихтан сыр шертілді. Елімізге белгілі эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, қала тұрғындары мен қонақтары үшін дрондардың бірегей шоуы ұйымдастырылды. 500 дрон бір мезетте көкке көтеріліп, түнгі аспанда Қорқытты қобызымен, Сырдария өзені мен көш-керуенді, зымыран мен көк ту бейнелерін жасап, ел тарихындағы маңызды сәттерді ерекше бейнеледі.