Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, әнші-композитор Елена Әбдіхалықова Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл толуына орай ерекше тарту жасады. Өнер орталығында «Сағыныш ғұмыр» атты шығармашылық кешін өткізді.

Елена Әбдіхалықова туған топырақтың қасиетін, халқымыздың өр рухын жырға қосып, мәдениетіміз бен руханиятымызды өскелең ұрпаққа кеңінен дәріптеп келеді. Өшпес әндер мен мағыналы сазды әуенге толы кеште көптің көңілінде сақталған «Сағыныш ғұмыр», «Есіңе мені алғайсың», «Кешір мені» сынды әндер мен қатар, әншінің сырға толы сағынышы, бүгінге дейінгі жүріп өткен жолы, ішкі ой-толғанысы да өнер арқылы көрермен назарына ұсынылды. Өнер мен поэзия тоғысып, симфониялық әуен мен сахналық қойылымдар шебер үйлесімін тапты. Осылайша өнер иесі туған жеріне деген сағынышын сырлы сазымен жеткізді. Әр әні - бір сыр, әр әуені – сағыныш болғандай.

ЕЛЕНА ӘБДІХАЛЫҚОВА – ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, АҚЫН, ӘНШІ-КОМПОЗИТОР // Менің бір қуанғаным мына эстрадалық симфониялық оркестрі, мен жанды дауыста, өзімнің үніммен айтқанды жақсы көремін. Бір арманым болып жүр еді, Қызылорданың эстрадалық-симфониялық оркестрмен жанды дауыста, менің әндерім шырқалса, менің әндерімді орындаса дейтін арманым болатын. Сол арманыма жетттім. Сағыныш ғұмыр өзімнің жақсы көретін әнім болған соң, осы менің ғұмырымда, жалпы өміріме де, болмысыма да келеді осы сөз сол мақсатта қойылған.

Жанды дауыста шырқалған ән мен шынайы өнерге толы бұл кеш - сыр елі жұртының жүрегінде ұзақ сақталары анық. Ақын өлеңдерінен құралған «Менің атым Сағыныш» атты композицияны театр артистері шебер орындады. Автор сыршыл өлеңдерін өзі де оқып, тыңдарманын бір мезет поэзияның терең иірімдеріне бойлатты. Тыңдарман қауым жанды дауыста шырқалған есті әндер мен жылылыққа толы рухани байланысты сезіне алды.

Жас орындаушылар мен театр әртістері кешке көрік қосты. Ал, «Қазақ елі», «Сыр елі» сияқты халыққа кең тараған туындыларды Өнер орталығына жиналған қауым қосыла шырқады. Бұл шара туған жердің талантты перзентіне деген құрметтің, ұлттық өнерге деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі болды.