Сырдария ауданы биыл «Егін шаруашылығы» саласы бойынша озат атанды. Аудан диқандары су тапшылығына қарамастан 19 мың 950 гектар аумаққа күріш егіп, оның әр гектарынан 58 центнерден өнім алды. Нәтижесі жаман емес. Дала еңбеккерлерінің ала жаздай баптаған өнімдері облыс орталығында ұйымдастырылған жәрмеңкеде жұртшылыққа тиімді бағада ұсынылды.

ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ //Таңмен таласа Тағзым алаңында сырдариялықтардың жәрмеңкесі қызып жатыр. Мұнда қалаған бақша өнімдерін тиімді бағада таба аласыз. Басқа-басқа Сыр өңірінде Алтын күз аясында жыл сайын осылай жәрмеңке ұйымдастыру дәстүрге айналған. Бұған көпшілік әбден дағдыланғанын байқауға болады. Қыстың қамын осында сайлайды көбі. Тоқшылық мерекесінің басты ерекшелігі де осы ғой.//

Қыстың қамына кіріскен көпшілік жергілікті өнімнен молынан алып қалуға тырысады. Сондықтан таңмен таласа сауда көркі қызып, түске дейін-ақ алпысқа таяу көліктегі өнімдер біршама түгесіліп қалды.

ТАЛҒАТ НҰРТАЗАЕВ – СЫРДАРИЯ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ //60-қа жуық көлікпен 30 түрлі өнім яғни, 290 тонна азық-түлік өнімдері келді. 70 т күріш, одан бөлек, мал азықтары. Жалпы Сырдария ауданы егін шаруашылығы бойынша озат атанды. Биыл су тапшылығына қарамастан мол өнімге қол жеткіздік деп айтуға болады. //

Жәрмеңкеге тонналап әкелінген қауын-қарбыз, жеміс-жидек пен көкөніс көздің жауын алады. Тұрғындар әрбір ұсынылған өнімнің бағасын сұрап, қалтасына қарай саудасын жасады. Күріштің жоғары сортын өндіретін «Шаған Береке» шаруа қожалығы жәрмеңкеге 2 тонна Сыр салысын жеткізген.

Іңкәрдария ауылының тұрғындары жәрмеңкеге құр келген жоқ. Күріштен бастап, қауын, қарбыз, асқабақ секілді бақша өнімдері мен жантақ балына дейін сатылымға шығарды. Ауылдың таза әрі табиғи өнімін сатып алған тұрғындар дән риза.

Жалпы, сырдариялық диқандар биыл 33 мың гектарға ауыл шаруашылық дақылдарын орналастырды. Соның ішінде көкөніс, бақша дақылдарына басымдық берген.