Сыр спортында тағы да сүйінші хабар. Пара пауэрлифтингтен әлем чемпионы атанған Фариза Төлжанды Қорқыт ата әуежайында жерлестері ыстық ықыласпен қарсы алды. Египеттің Каир қаласында өткен дүбірлі додада спортшы ел намысын абыроймен қорғап, көк туымызды көкте желбіретті.

Қазан айының 9-ы мен 18-і аралығында Египеттің Каир қаласында өткен әлем чемпионатында 72 елден 536 спортшы бақ сынады. Қазақстан құрамасынан 24 спортшы қатысып, ел қоржынына бірнеше жүлде түсті. Сол үздіктердің қатарында жерлесіміз Фариза Төлжан да бар. Ол қарсыластарының барлығын қапы қалдырып, әлем чемпионы атанды.

ФАРИЗА ТӨЛЖАН - ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ

//Жарыс әлемдік деңгейде, жоғары деңгейде өтті және әнұранды әлемдік деңгейде әнұранды шырқатқан бірінші жүлдем бұл менің. Әнұранды шырқаған кезде, әрине әрбір спортшы қалайды, чемпиондықты қалайды және де арманым орындалды. Айтып жеткізе алмаймын сезімімді. Алдағы уақытта келесі жылы бұйыртса әлем чемпионаты, азия ойындары азия океаны чемпионаттары бар сол жарыстарға жақсы дайындалып жүлде аламын деген үміттемін.//

Фаризаның пара пауэрлифтингпен шұғылданғанына алты жыл. Әлемдік деңгейде олжа салу үшін қажырлы еңбек пен табандылық қажет дейді мамандар.

БАҚЫТБЕК РЫСПАЕВ - ОБЛЫСТЫҢ АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ

//Біздің спорт үшін 2028 келе жатқан олимпиадаға жолдамаға таласу үшін осы әлем чемпионатына қатысу керек. Жолдамаға осы әлем чемпионаты қатыссақ үміткер бола алады спортсмендер. Үлкен жаңалықтар болды, сенсационный нәтиже болды. Мен өзімнің спортшыларыма айтатын болсам, осы облыстан 5 спортшым қатысты, өзіммен бірге барып қайттық, бесеудің екі қызы орын алды, бес спортшының ішінде. Оның ішінде атап айтатын болсам Бойко Снежана мен Төлжан Фариза. Осы жеңіс мен үшін үлкен жеңіс болып табылады.//

Фариза Төлжанның жеңісі – Сыр спортының жетістігі. Енді ол алдағы Азия ойындары мен халықаралық турнирлерде көк туымызды биікте желбіретуді мақсат етіп отыр.