Қызылордалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен құралған «Ақмешіт» командасы Астана өткен «MAJILIS CUP – 2025» респбуликалық турнирінің жеңімпазы атанды.

Осымен төртінші жыл қатарынан өткізілген «MAJILIS CUP» турниріне еліміздің әр өңірінен 19 команда қатысты. Ойын чемпиондар лигасы жүйесі бойынша өтті. Яғни, әр команда төрт ойын өткізіп, ең көп ұпай жинаған сегіз ұжым плей-офф кезеңіне жолдама алды. Қызылордалық журналистер Алматы - Талғар, Өскемен, Садақ медиа және Тумалас командаларын айқын басымдықпен жеңіп, плей-офф кезеңіне шықты. Ширек финалда жарыстың басты фавориті Қазмедиа командасын пенальти сериясында жеңіп, жартылай финалға жолдаманы жұлып алды. Ақмешіттің аяқдопшылары одан кейін астаналық Садақ медиа командасымен қайта жолы түйісіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Ал, финалда тағы бір астаналық команда Asnews.kz командасымен сынға түсті. Бұл ойында жерлестеріміз 4:1 есебімен айқын басымдық танытты. Осылайша Сыр қаламгерлерінен құралған команда «MAJILIS CUP – 2025» респбуликалық турнирінің жеңімпазы атанды.