#qyzylordatv

Биыл Арал аудандық «Толқын» газетінің оқырманға жол тартқанына - 95 жыл. Сондай-ақ, аталмыш басылымның алғашқы бас редакторы ұлт әдебиетінің алыбы, ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың 120 жылдық мерейтойы қатар келіп отыр. Осыған орай Аралда бірқатар тағылымды шара ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында шағын футбол бәсекесі өтті.

 Теңізді өлкенің төл басылымы «Толқын» газеті 95 жылдан бері жаңалық жаршысына айналып келеді. Халықтың үні мен құлағы болған газет әуелде «Екпінді балықшы» аталды. Араға жылдар салып, «Социалистік Арал», артынша «Толқын» болып тулаған басылым талай таланттың екінші тынысын ашқаны әмбеге аян. Бұл шығармашылық ұжымда қаншама қабырғалы қаламгер қажырлы еңбек етті. Әуелбек Қоңыратбаев солардың ішіндегі сом тұлға. Газеттің алғашқы редакторы ретінде басылымның алға қадам басуына сүбелі үлес қосты. Аудан орталығында өткен жиында толқынды тарих таразыланып, әдебиетшы ғалымның бел баласы филология ғылымдарының докторы Тынысбек Әуелбекұлы баяндама жасады.

«Толқын» газеті қай кезде де өз бағытынан айнымай елдің тәрбие құралына айналды. Атағы жаһанға таныс Аралдың әр перзентін елін сүюге баулып, көптеген сала мақтаныштарын халыққа паш етіп келеді. Басылымның бағыты мен әдебиет алыбы Әуелбек Қоңыратбаевтың қайраткерлік қыры ақындар өлеңіне арқау болды. Облыстық жыр мүшәйрасында 11 ақын бақ сынап, ел алдында еркін көсілді. Байқауда бас жүлдені еншілеген аралдық Дархан Аманжолұлы мен жүлделі бірінші орынды тақымдаған қазалылық ақын Ақжол Түменбай қорытынды кеште үздік шығармаларын паш етті.

 Ғасырға бет алған басылым мен әдебиет алыбының еңбегін дәріптеу шарасы шағын футбол турниріне ұласты. Тартысты доп додасында Сыр журналистикасының кәсіби мамандары мен осы салада еңбек ететін азаматтардан құралған 5 команда бақ сынады. Қаламын қару еткен тілшілердің тайталасы кәсіби ойыншылардан кем емес.

Турнир қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынды «СырМедиа» командасы иеленсе, «Меншікті тілшілер» құрамасы екінші сатыға тұрақтады. Ал «Қызылорда» телеарнасының екінші құрамасы ерлік жасап, үздік үштіктің қатарынан көрініп отыр. Ойын барысында жеке шеберлігімен көзге түскен ойыншылар да назардан тыс қалмай, қаржылай сыйақыға ие болды.