#qyzylordatv

«Ауыл аманаты» - кәсіпкерлікті дамытып, тұрғындардың табысын арттыруға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған байыпты бастама. Президент тапсырмасымен қолға алынған бұл жоба Жалағашта сәтті жүзеге асырылуда. Мәселен, ауданда биыл 166,5 млн. теңгені құрайтын 33 жоба қаржыландырылып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Бағдарламаның игілігін көрген кәсіп иелері туралы тілші бейнематериалында.

Соңғы жылдары Жалағаш ауданында бизнеске бет бұрып, кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтардың қатары артып келеді. Статистиканы сөйлетсек, ауданда 2819 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бүгінде оның 96,3 пайызын нақты жұмыс істеп тұр. Жаңа бизнес идеяларды іске асыру және кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жыл басынан бері 218 жоба қаржыландырылды. Соның ішінде «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көргендер де бар.

ҚАЙРАТ ЖАППАСБАЕВ, АУДАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ӨНЕРКӘСІП БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ \Президент тапсырмасына сәйкес «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылып келеді. 2023 жылы 22 жоба 187 млнға қаржыландырылса, 2024 жылы 21 жоба қаржыландырылды....\

 «Ауыл аманаты» бойынша қаржыландырылған жобалардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне, қызмет көрсету және асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға бағытталып отыр.

Бағдарламаның игілігін көргендердің бірі - Майра Садықова. 15 жылдан бері пластик терезе шығарумен айналысатын кәсіпкер биыл 2,5 пайызбен 4 млн теңге несие алып, цехын ұлғайтты. Қазір үш адамды жұмыспен қамтып отыр.

Ал, Аманжол Қауынбаев 6 млн. теңге қаражат алып, техника жөндеу орталығының жұмысын жандандырды. Соның ішінде ауданда бұрын болмаған тежегіш дискісін жонатын станок алып, көлік жүргізушілерінің алғысын алып отыр.

«Ауыл аманаты» жобасы әлеуметтік осал топтағы азаматтарға да үлкен мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, бірінші топтағы көз мүгедегі Манарбек Қожахметов жеңілдетілген пайызбен несие алып, массаж орталығын ашты.

 Манарбек емдік массажбен айналысса, Әсел Үмбетова адамның көзін тексеріп, көру қабілетін анықтайды. Және соған сәйкес көзілдірік жасап береді. Бағдарлама бойынша несиеге қол жеткізген кәсіпкер соңғы үлгідегі медициналық құралдар сатып алып, халыққа қызмет көрсетуде.

АРУЖАН БОЛАТҚЫЗЫ, МЕДБИКЕ \Ауыл аманаты жобасы бойынша өзімізге керекті құрылғыларды алдық. Бұл көз тексеруге арналған алысқа, жақынға көру қабілетін анықтайтын аппарат. Осымен тексеріп, кеңес береміз тұрғындарға. Бұрын болған жоқ мұндай аппарат. .. \

 Жалағашта «Ауыл аманаты» жобасына қызығушылық танытып отырғандар көп. Олардың басым бөлігі ауыл тұрғындары. Себебі, аз пайызбен несие алып, кәсіп бастауға бағдарлама үлкен мүмкіндік беріп отыр.