#qyzylordatv

Қараша қайрылтқан қаралы хабар. Белгілі қоғам қайраткері, парасатты тұлға Әбдіғаппар Әмірғалиев дүниеден озды. Өмірлік өнегесімен ел ағасына айналған Сыр перзенті 78 жасқа қараған шағында келмес сапарға аттанды.

Әбдіғаппар Әмірғалиұлы 1948 жылы 20 желтоқсанда Сырдария ауданының Аманкелді совхозында дүниеге келген. Ауыл шаруашылығы саласының маманы еңбек жолын қатардағы зоотехник қызметінен бастаған. Мұнан соң аудандық, облыстық комсомол және партия комитеттерінде бірқатар жауапты жұмыстың тізгінін ұстады. 1989-1991 жылдары облыстық партия комитетінің ауылшаруашылық бөліміне жетекшілік еткен. Ал мұнан кейінгі жылдары облыс әкімінің орынбасары және ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметін атқарып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық түлеуіне ерекше үлес қосты. Өңірдегі стандартизация-метерология мекемесінде де Әбдіғаппар Әмірғалиұлының қолтаңбасы бар. Бір сөзбен ол қандай қызмет тізгінін ұстаса да кәсіби білігі мен парасат-пайымын көрсете білді. Ұзақ жылғы еңбегі еленіп, «Құрмет» және «Парасат» орденін иеленіп, Сырдария ауданының «Құрметті» азаматы атанды. Өнегелі өмір иесі 78 жасқа қараған шағында жарық дүниемен қош айтысты.

Әбдіғаппар Әмірғалиұлының намазы 14 қараша сағат 11:00-де Қызылорда қаласы, Атилла көшесі 4-ші үйде өтеді. Саналы ғұмырында алтын емес, алғыс арқалаған арда азаматтың жаны жәнната болғай!