#qyzylordatv

Жетістіктер сараланып, еңбек еленген дәл осындай салтанатты шара Шиелі ауданында да ұйымдастырылды. Жиында тындырымды тірлік таразыланып, өңір өркендеуіне сүбелі үлес қосқан жандар облыс және аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Тақырыпты тілшіміз сабақтайды.

 Сыр өңірі жетістіктің желкенін керген аймақ. Барлық салада айтарлықтай қозғау бар. Мұны мемлекет басшысы Сырдағы сапарында айрықша атап өтті. Бұл жұмыла атқарған еңбекке берілген баға. Сондықтан облыс орталығындағы салтанатты кешті жеті ауданның жұртшылығы тікелей эфирде тамашалады. Расымен, өңір өркендеуі әрбір ауыл-аймақтағы көрсеткіштерден көрінеді. Бұл ретте Шиелінің шоқтығы биік. Биыл ауданда ел сұранысына орай оннан астам әлеуметтік нысан ел игілігіне берілді.

 Әлеуметтің әлеуетін көтерген бастамалар өз алдына. Биыл Шиелі ауыл шаруашалығы саласы бойынша ең үздік аудан атанды. Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары күріштің әр гектарынан орташа 61,3 центнерден өнім жинады. Егісті әртараптандыру көрсеткіші бойынша да көш ілгері. Бір сөзбен, түрлі салада қозғау бар. Осы орайда өңір өркендеуіне елеулі үлес қосқан азаматтар құрмет грамотасы мен облыс және аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

 Марапат төрінен көрінгендердің арасында барлық саланың үздіктері бар. Сондай-ақ, тірліктен түйгені көп еңбек ардагерлеріне де құрмет көрсетілді.

Бұл құр мақтау, құрғақ марапат емес. Енді еңбегі еленген жандарға екі есе жауапкершілік жүгі артылары анық. Ал, салтанатты кеш аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.