#qyzylordatv
Өңіріміздің дамуына әлеуметтік сала бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың үлесі зор. Өскелең ұрпақтың сапалы білім алуы үшін заманауи талаптарға сай жабдықталған білім ошақтары салынып, халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында медициналық нысандар, спорт кешендері бой көтеруде. Мұның барлығы аймақ азаматтарының жұмыла жасаған жұмысының нәтижесі. Өнер орталығында өткен салтанатты іс-шарада Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің дамуына үлес қосқан еңбек озаттарына алғысын білдіріп, мемлекеттік наградаларды табыстады.
Қызылорда облысы барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алдыңғы қатарда. Мәселен осыдан 3 жыл бұрын облыс бюджеті 364 млрд теңгенің шамасында болса, қазір 850 млрд теңгеден асып жығылады. Сондай-ақ, соңғы 4 жылда өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 233 пайызға артқан. Ал 2025-2028 жылдары аймақта құны 2 трлн теңгеге жуық 89 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Салтанатты жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақта атқарылған жұмыстарға тоқталды.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ // Бүгінде әлемдегі тұрақсыздық, экономика мен халықаралық саясаттағы сәт сайынғы өзгерістер кезеңінде уақытпен санаспай күні-түні әріптестерімізбен бірге аймағымыздың өсіп-өркендеуіне, заман көшінен қалмай дамуына аянбай еңбек етудеміз. Елімізде жүргізілген саяси-экономикалық реформалар өз нәтижесін беруде. Оның айқын көрінісі бүгінгі Қызылорда облысының даму серпінінен анық байқалады...//
Салтанатты жиында өңірдің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталды. Атап айтар болсақ, мемлекет және қоғам қайраткері Бекмырза Еламанов ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, «Абай Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мұрат Сәрсенбаев пен «Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжанов «Парасат» орденімен, «Акса Энерджи Қызылорда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Алган Сарачоғлы ІІ дәрежелі «Достық» орденімен наградталса, «Промстройсервис Е» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Манарбек Еспенбетов, «Сәт-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Роза Иманова, «Сейфуллин Жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Оңғарбек Саймағамбетов, «Tau Group LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Исламғали Қозыбақов «Құрмет» орденімен марапатталды. Сондай-ақ, «Қызылорда тазалығы» мекемесінің жұмысшысы Марат Тұрсынбеков пен облыстық филармония режиссері Азиза Іздіқұловаға «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталса, облыстық филармония әртісі Махабат Нұрбаева, «Сыр жұлдыздары» балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық және инновация академиясының директоры Жанар Бимұратқызы, облыстық филармонияның балетмейстері Гүлбану Мырзабаева мен облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы Бақнұр Жолмырза «Шапағат» медалімен марапатталды.
Марапаттау рәсімінен соң Парламент сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов Сыр өңірінің даму қарқынын сөз етіп, марапат иелеріне ізгі тілегін жеткізді.
Салтанатты шара соңы үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов пен «Күміс домбыра» иегері Бексұлтан Орынбасаровтың арнауымен жалғасып, концерттік бағдарламаға ұласты.