#qyzylordatv

«Жұмысшы мамандықтар жылына» орай қала әкімдігінің қолдауымен жас аспаздар сайысы өтті. Талғам мен шеберлік тоғысқан шара туралы тілшіміз тарқатады.

 Аспаздың ептілігі мен кәсіби шеберлігі сыналатын сайыс «Қыз жібек» мейрамханасында ұйымдастырылды. Қызығы сол, қатысушылар тағамға қажетті өнімдерді осы жерден таңдап алып, ас әзірледі.

 АЙДАНА ЖҰМАДИНОВА – ТІЛШІ

Бүгінгі іс-шараны ең дәмді кәсіби шеберлік мерекесі деуге болады. Дәл қазір он саусағынан бал тамған алты аспаз бақ сынап жатыр. Қатысушыларға қойылатын басты талап - бір сағаттың көлемінде 2 ас түрін, яғни ыстық ас пен салат түрін әзірлеу қажет. Әрине, бұл жерде тамақтың дәмді, сапалы болуымен қатар эстетикалық көрінісі де маңызды. Сондықтан аспаздардың шеберлігімен қатар жылдамдығы да сыналмақ.

Бұл салада он жылдан астам тәжірибесі бар Ардақ байқауда ерекше тағам түрін дайындады. 29 жастағы аспаз қаладағы мейрамханалардың бірінде бас аспаз болып қызмет етеді.

АРДАҚ ШАМШАТ – ҚАТЫСУШЫ

Бүгін бізге екі тапсырма берілді. Біріншісі тағам жасау, екіншісі салат жасау.Бірінші салатыма авторский соусыммен баклажан салатынан попкорн жасадым. Ал екінші тағамға тауық етінен куриный рулет, арахисовый өзімнің авторский соусымды жасадым.

 Байқауға қатысушылар арасындағы ең жасы - Ринат Тоғымбаев. 15 жастағы бесаспапты сөзге тарттық .

РИНАТ ТОҒЫМБАЕВ – ҚАТЫСУШЫ

Мен тауық етінен куриный рулет дайындадым. Және соған добавка ретінде пюре жасадым. Ал салат түріне қияр, помидормен өте жеңіл салат түрін жасадым.

 Байқауда аспаздар көз ілеспес жылдамдықпен көкөністерді турап, аз уақыттың ішінде 2 түрлі тағам ұсынды. Әр аспаздың әсемдеуі де, ұсыну форматы да ерекше.

  МЕДЕТ ЖОРАБЕК – ҚАЛАЛЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

Бұл байқаудың негізгі мақсаты – өңірдегі, қаламыздағы асхана саласында, яғни аспаздық тағам дайындау саласындағы жетістікке жетіп жүрген, әртүрлі мейрамханаларда жұмыс жасап жатқан жастардың басын біріктіру және осы саланы әрі қарай дамыту, насихаттау болып табылады. Биылғы байқау үшінші жыл қатарынан өткізіліп келе жатыр.

 Қазылар алқасы қатысушылардың тағамды әзірлеу техникасы, өнімнің сапасы мен эстетикалық көрінісіне ерекше назар аударды. Нәтижесінде байқау жеңімпазы болып Али-Азат Әділбекұлы танылды.