#qyzylordatv

Қармақшы ауданындағы Дүр Оңғар ауылы көптен күткен көгілдір отынға қол жеткізді. Ауылды табиғи газға қосу рәсіміне облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев және Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары қатысып, көпшіліктің қуанышына ортақтасты.

 Дүр Оңғар ауылы тоғыз жолдың торабында орналасқан. Мұнда қазір 400-ден астам отбасы тұрады. Былтыр ауылды газдандыру жұмыстарына облыстық бюджеттен 7 млрд 200 млн теңге қаржы бөлініп, газ құбырларын тарту жұмыстары басталған болатын. Міне, биыл ауқымды жұмыс толығымен аяқталып, газ келді.

 ЗАҒИРА АЛПУАНОВА – АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ // Осыған дейін қыс бойы отын жарып, пешке жағып, көмір түсіріп, күл шығарсақ, міне азанда жып-жылы үйде ояндық. Өте қуаныштымыз...//

Ауылға тартылған 62,5 шақырымдық жоғары қысымды газ құбыры Жосалы кентіндегі автоматтандырылған газ тарату станциясынан Сырдария өзені арқылы жүргізілді. Осы жоба алдағы уақытта 10 мыңнан астам халқы бар 9 елді мекенді кезең-кезеңімен магистральдық газ желісіне қосуға мүмкіндік береді.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ //Өткен аптада Сырдария ауданының Шаған ауылына табиғи газ берілсе, Жаңақорған ауданында автоматты газ тарату станциясы іске қосылды. Бүгін Өздеріңізбен бірге Дүр Оңғар ауылы тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне жаңа тыныс беретін іс-шараға, табиғи газға қосу сәтіне куә болудамыз. Осындай жұмыстардың нәтижесінде биыл облысымыздың газдандыру көрсеткішін 83 пайызға жеткіземіз. Жерлестерімізді көптен күткен газдың қосылуымен құттықтаймын! Бұл – бәріміздің ортақ қуанышымыз! Көгілдір отын әрбір отбасының жылуын, Отанымыздың қуатын арттыра берсін!//

Салтанатты шарада ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан еңбек ардагерлері мен газдандыру жұмыстарын жүргізген мердігер мекеме қызметкерлеріне облыс әкімінің алғыс хаты табысталды. Мұнан кейін, Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов ауыл тұрғындарын қуанышымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Айта кетейік, аймақта 2021 жылдың соңында газдандыру деңгейі 67 пайызды құраса, 2022-2025 жылдар аралығында 63 млрд 600 млн теңгеге 77 жоба жүзеге асырылды. Биыл тағы 15 млрд 700 млн теңге қаржы бөлінді.