#qyzylordatv

Елімізде мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі әлеуетін күшейту, ғылыми коммуникацияда оның қолданылу аясын кеңейтуге ықпал ету, осы бағыттағы үздік тәжірибелермен бөлісу мақсатында республикалық семинар-кеңес өтті.

 «Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырудың тиімді тәжірибелері» атты республикалық семинарды Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті және облыстық қоғамдық даму басқармасы бірлесіп ұйымдастырды. Шараға қатысушылар алдымен көрмені тамашалап, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, үйрену сапасын арттыру бағытындағы жұмыстармен танысты. Келушілерге «Тіл білімі мектебі» жобасы таныстырылды.

 РУСЛАН КАЮПОВ – ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

 Семинардың Қызылорда облысында өткізілуінің де басты мақсаты сол. Министрлік тарапынан сондай ұсыныс болды. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде Қызылорда облысының үздік үлгісін, тәжірибесін басқа өңірлермен бөлісейік деген мақсатта. Бұған дейін де тіл саясатында біздің облыста біраз дүниелер жүзеге асты. Тілдің қолданыс аясында жаңа терминологиялар осы мақсатта да үлкен жұмыстар жасап, кітаптар шығарылып, республика көлемінде таратылып жатыр.

 Қолданыс аясын кеңейту мақсатында цифрландыру, жасанды интеллект мүмкіндіктері де кеңінен қолданылуда. Бұған семинар барысында көз жеткіздік. Іс шарада қазақ тілін үйретуге арналған, жасанды интеллект негізінде дайындалған мобильді ойын,сондай-ақ, қазақ тілін 5 деңгейде үйрететін мобильдік қосымша таныстырылды.

САНДУҒАШ КЕНЖЕБАЕВА – Ш.ШАЯХМЕТОВ АТЫНДАҒЫ «ТІЛ-ҚАЗЫНА» ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ЖОБАЛАРДЫ БАСҚАРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ

 Тоқаевтың бастамасымен бүгінде қазақ тілін цифрландыру өте белсенді жүріп жатыр. Және сол ел басшысының бастамасымен тұңғыш рет қазақ тілінің ұлттық моделі құрылды. Бұл – өте үлкен жаңалық. Яғни, қазақ тілі бүгінде біздің ғана тіліміз емес, жалпы технологияның тіліне, жасанды интеллектінің тіліне, былайша айтқанда бүкіл әлемге бәсекеге қабілетті ғылым тіліне айналды деуге толық негіз бар.

Жиында қазақша оқулықтар мен білім ресурстарын көбейту, терминологияны стандарттау, қазақ тіліндегі ғылыми журналдарды дамыту, цифрлық ғылыми контентті күшейту бағытындағы ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ, қазақ тіліне арналған ұлттық ЖИ жасау туралы да сөз қозғалды.

ҚАЙЫРЖАН РАХЫМЖАНОВ – ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ ТІЛ САЯСАТЫ КОМИТЕТІНІҢ БАСШЫСЫ

Өздеріңізге мәлім, ҚР 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданған болатын.Бұл қазіргі таңда біздің тілдерді дамыту саласындағы ең негізгі басты құжатымыз болып саналады.Осы құжатта жалпы,13 нысаналы индикатор, 5 бағыт және 70-тен астам іс-шараларымыз бар.Қазіргі таңад жергілікті атқарушы органдармен және орталық мемлекеттік атқарушылармен, ұлттық компаниялармен бірлесіп,аталған концепцияны табысты жүзеге асырудамыз.

 Семинар-кеңесте қатысушылар өз ұсыныстарын ортаға салды. Жиын соңында бірқатар тіл жанашырлары мен сала мамандары Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ана тілін дамытуға қосқан үлес үшін», «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгілерімен, Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен марапатталды.