#qyzylordatv

Шиелі ауданында «Нұр иман» мешітінің жаңа ғимараты бой көтеріп, ел игілігіне берілді. Имандылық үйінде бір мезетте 400 адам намаз оқып, құлшылық ете алады. Айта кетейік, мешіт құрылысын Құлахметовтер әулеті өз қаражаты есебінен жүргізген.

Бүгінде Шиелі ауданында 31 мешіт бар. «Нұр иман» мешіті солардың ішіндегі ең көнесі, яғни 1994 жылы асар әдісімен салынған. Соңғы жылдары имандылық үйіне келуші жамағаттың саны артқан. Соған байланысты кенттің теріскей бетіне жаңа мешіт салу қажеттілігі туындады. Бұл сауапты істі Құлахметовтер әулеті қолға алып, екі жылдың ішінде күмбезін күн сүйген, еңселі ғибадат орнын салып, елдің алғысын алды.

 АЙТБАЙ ЖАНДАРБЕКОВ, АУДАН ӘКІМІ \мемлекет руханиятсыз өмір сүрген емес. Сол секілді ислам діні қазақ мемлекетінің ғасырлар бойы сүйеніші мен тірегі болып келеді.... \

 «Кімде кім жер бетінде құстың ұясындай ғана болсада мешіт салса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды»,- дейді. Сондықтан бұл істің сауабы сансыз. Игі шараға қатысқан облыстың бас имамы Дастан Құрманбаев мешіттің іргетасын қалап, кірпішін өрген барлық азаматқа ризашылығын жеткізді.

 ДАСТАН ҚҰРМАНБАЕВ, ОБЛЫСТЫҢ БАС ИМАМЫ \мешіт имандылық үйі дейді, кезінде Алаш қайраткерлерінің бәрі алғашқы мұсылмандық сауатын мешітен ашқан, мешіттен тәлім алған. Бұл енді халықты имандылыққа шақыруға, жастардың тәрбиесіне көптеген әсер етеді, оның үстіне азанның үні шыққан жерде шайтан болмайды деген хадистер бар...\

 Жаңа мешіт 400 адамға арналған. Ерлер және әйелдер бөлмесі, неке қию залы бар. Имандылық үйінде тек намаз ғана оқылмайды, сауат ашу курстары жүргізіледі. Яғни, өскелең ұрпақ үлкенді сыйлау, ата-ананы құрметтеу тақырыбында дәрістер тыңдап, әдептілік әліппесін үйренеді. Алдағы уақытта мешіт жанынан демеушілер есебінен асхана салу жоспарланып отыр.

Жаңадан ашылған мешітте алғаш рет азан шақырылды. Жақсылыққа жиылған жамағат сәждеге бас иіп, құлшылық жасады.

Тағлымды жиында имандылық үйін салып, мол сауапқа кенелген Дархан Құлахметовке аудан тұрғындары ат мінгізіп, иығына шапан жапты.