#qyzylordatv

Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында трансшекаралық хабтарды дамыту және қалдықтардың барлық түрін басқарудың 2026-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы талқыланды. Жиыннан соң облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша мәжіліс өткізіп, жауапты сала басшыларына тапсырма жүктеді.

Аймақтағы маңызды жобалардың бірі - Қызылорда облысынан Өзбекстан Республикасының шекарасына дейін автомобиль жолын салу. Бұл жоба өңірдің ғана емес республиканың көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, екі ел арасындағы сауда-саттық көлемін, тауар айналымын ұлғайтуға оң әсерін тигізеді. Облыс әкімі жауапты сала басшыларына бұл жұмысты тезірек қолға алу керектігін айтты. Сондай-ақ «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалы жанынан құрылған арнайы экономикалық аймаққа инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесін тиісті министрлікпен бірге шешуді тапсырды.

 НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ \«Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалы жанынан облысымыздың инвестициялық әлеуетін одан әрі дамыту мақсатында аумағы 550 гектарды құрайтын арнайы экономикалық аймақ құрылды. Жоба аясында аймағымызға 157 млрд. теңге инвестиция тарту, 3 мыңнан астам жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Ардақ Темірханұлы, бұл бағыттағы жұмыстарды тездетіп аяқтауымыз қажет. Қатаң бақылауға алып, министрліктермен тиісті бірлескен жұмыстарды жүргізіңіздер\

Аймақта жол инфрақұрылымы жақсы дамыған. Биылдың өзінде

50 млрд. 605 млн. теңге қаржы бөлініп, жалпы ұзындығы 329 шақырымды құрайтын автомобиль жолы мен көшелер, көпірлер мен өткелдер жөндеуден өтті. Ендігі міндет қолда барды ұқсатып, ел игілігі үшін салынған жолдарды күтіп ұстау керек.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ \Қала, аудан әкімдіктері жөндеуден өткен барлық көшелер мен көпір өткелдеріндегі асфальт жабындысының кесілмеуін, бұзылмауын қатаң бақылауға алыңыздар. Су, электр, газ желілерін тарту кезінде асфальт жабындысына зақым келтірмей, тек жер асты жүргізілуін қамтамасыз етіңіздер..\