#qyzylordatv

Волейболды отырып ойнаудан Қазақстан құрамасы әлем кубогінде қола жүлдегер атанды. Қазан айында АҚШ-тың Чикаго штатында өткен байрақты бәсекеге қызылордалық параспортшы Алмат Манабаев та қатысып, ел абыройын асқақтатты. Ұлттық құрама сапындағы ойыншыға Ақсуат ауылдық округінің халқы құрмет көрсетіп , ат мінгізді.

Алмат Манабаев – волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама сапындағы ойыншы. Жарқын жеңіспен оралған параспортшыға жерлестерінің алғысы зор, құрметі ерек.

  Әлем кубогінің топтық кезеңінде ұлттық құрама спортшылары Италия, Польша, Канада, Франция, Таиланд және АҚШ командаларын жеңіп, бірінші орынды қанжығалады. Ал қола жүлде үшін болған кездесуде қазақстандық спортшылар АҚШ құрамасын 3:1 есебімен тізе бүктіріп, турнирдің үздік үштігіне енді. Кубоктың жеңімпазы – Мысыр командасы, ал күміс жүлдені Бразилия құрамасы жеңіп алды. Осылайша Қазақстан құрамасы әлемдік аренада жаңа белесті бағындырды.

 Мұнан соң, Алмат Мұхабайұлының жеңісі үшін ауылдағы спорт кешенінде волейболдан облыстық жарыс ұйымдастырылды. Тоспа доп бәсекесіне барлығы 9 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде, ұстаздардан құралған команда жарыс жеңімпазы атанды. Ал, екінші орынды Достар командасы иеленсе, үшінші орынға Ақсуат командасы жайғасты. Жеңімпаз командаларға ақшалай сыйлықтар табысталды.