#qyzylordatv
Облыс орталығында еркін күрестен жасөспірімдер арасында облыстық ашық турнир болды. Спорттық шара денсаулық сақтау саласының үздігі, ардагер-ұстаз Аманжол Оспановты еске алуға арналды.
Аймақ медицинасында өзіндік қолтаңбасы қалған азаматты еске алуға арналған турнир осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Боз кілемдегі 100-ден аса спортшы қатысты. Ерекшелігі сол, Аманжол Әбжаппарұлы негізгі қызметімен қатар балаларды спортқа баулып, баптаған.
Ұлағатты ұстаздың есімін ұлықтау мақсатында республиканың түкпір-түкпірінен шәкірттері жиналды. Шымкент, Түркістан, Қызылорда қалалары мен 7 ауданнан спортшылар келді. Олар 10 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады.
Боз кілемдегі белдесуде бағы мен бабы қатар шапқан палуандар жеңіс тұғырынан көрініп, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жарыс қортындысы бойынша командалық есепте Шымкент қаласының балуандары бірінші орынға ие болды. Қызылордалықтар екінші орынды місе тұтса, Жаңақорған ауданынан келген спортшылар үздік үштікті түйіндеді.