#qyzylordatv

«Сырдария – татулық пен достық мекені». Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында осындай атаумен Сырдария ауданында тағылымды жиын ұйымдастырылды. Өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен өткен талқы алаңында жыл бойғы жетістіктер таразыланып, еңбек озаттары марапатталды. Тақырыпты әріптесім Елжас Әбділда сабақтайды.

Форумға дейін аудандағы түрлі этно-мәдени бірлестік мүшелері жұртшылыққа дәм-тұзын ұсынды. Түрі бөлек болса да тілегі бір қауымның ыстық ықыласы алыстан аңғарылады. Бағамдасақ, тәуелсіздік күні қарсаңындағы шағын шараның тағылымы зор. Қиын-қыстау сәтте жарты нанын жарып берген қазақ ұлтына деген құрмет нышаны бұл. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев бастаған зиялы қауым өкілдері тұрғындар ұсынған дәмнен ауыз тиіп, көпшілікке алғаусыз алғыс білдірді.

 Сырдария облыс орталығына іргелес шағын аудан. Бүгінде мұнда 38 мыңға жуық халық тұрады. Солардың қатарында түрлі этнос өкілдері де өңір өркендеуі жолында еселі еңбек етіп келеді. Қазір су жаңа руханият орталығында 11 этно-мәдени бірлестік мүшелері жұмыс істеуде. Ымыралы тірліктің озық үлгісін көрсетіп жүрген жандардың жетістігі ескеріліп, Қазақстан халқы ассамблеясының алғыс хаты аудан әкіміне табысталды.

Талқы алаңында аудандағы этно-мәдени бірлестік мүшелерінің жыл бойғы жетістігі таразыланды. Әрбірі өңірдегі байыпты бастамалар мен игі істерге атсалысып келеді. Әсіресе, өнер додаларында сырдариялықтардың бәсі жоғары. Сондықтан еркін форматтағы жиында жан жадыратар әуезді әнге де уақыт табылды.

ЛИДИЯ МЯСЦОВА – «АССАМБЛЕЯ АРУЫ – 2025» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ / Мен «Ассамблея аруы – 2025» байқауына қатысып бас жүлдені жеңіп алдым. Біздің аудан тұрғындары бұл жеңісімді өте жылы қабылдады. Осындай жетістікке жетуіме ерекше қолдау көрсеткен аудан әкімдігіне алғыс білдіргім келеді. Аталмыш байқауда қазақша ән шырқап, қазақтың салт-дәстүрлерін дәріптей білдік. Сол еңбегіміздің арқасында жеңіс төрінен көрініп отырмыз. Бұл біз үшін үлкен мәртебе/

 Көпұлтты мемлекетіміздің басты ұраны қашанда елдің бірлігі. Осы орайда, түрлі ұлт пен этнос өкілдерінің басын біріктіріп, татулықты ту еткен Қазақстан халқы ассамблеясының маңызы зор. Биыл аталмыш ұйымның құрылғанына 30 жыл толып отыр. Мерейтойлық мезетте ортақ отанның гүлденуі жолында еңбек етіп жүрген жандар ағынан жарылып, естеліктерімен бөлісті.

 Осылай жылы шырайда өрбіген кеште аудан басшысы татулық пен достықтың сақталуына үлес қосып жүрген өзге ұлт өкілдерін алғыс хатпен марапаттап, сый-құрмет көрсетті.

ЕЛЕНА МЯСЦОВА – ОРЫС ЭТНО-МӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ МҮШЕСІ /Мен өз елімнің патриотымын. Тәуелсіз қазақ елінде өмір сүріп жатқанымды мақтаныш санаймын. Осы елдің өркендеуі үшін аянбай еңбек етіп келеміз. Біздің ауданда ұлт пен ұлысқа бөліну деген атымен жоқ. Мәселен, біздің Мясцовтар тобының ән кешін тамашалауға осындағы барлық этно-мәдени бірлестік өкілдері қуана келеді. Бүгін де сол ымыралы тірлікті көрсетіп жатырмыз. Мереке құтты болсын!/

Тағылымды шара соңында аудан өнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынып, жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.