#qyzylordatv
Премьер-министрдің кеңесшісі Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келді. Алдымен Ералы Тоғжанов облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешевпен бірге Сырдария ауданының Бесарық ауылына барып, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстармен танысты.
Бүгінде Бесарық ауылында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында құрылған «Сыр құсы» агроөнеркәсіптік кооперативі жұмыс істеп тұр. Премьер-министрдің кеңесшісі «Абай-Дәулет» серіктестігінің бастамасы «Сыр құсы» агроөнеркәсіптік кооперативінің жұмысымен танысты. Мұнда қазір шағын құс фермалары бар. Әрқайсында Тараз қаласынан әкелінген 1500 бас бройлер балапаны, барлығы 4500 шөже өсіріледі. Бройлердің ерекшелігі еттілігінде, олар қысқа уақытта 2-2,5 келі ет береді. «Сыр құсы» кооперативі былтыр 29,7 тонна құс етін шығарса, биыл 9,6 тонна өнім өндірді.
ЖАСҰЛАН ТҰРЛЫБЕКОВ, «АБАЙ ДӘУЛЕТ» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Сыр құсы» ауылшаруашылық коперативін 2023 жылдың аяғында бастағанбыз. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 27 млн 600 мың несие алып, тауық етін өндіру жобасын қолға алған болатынбыз. Қазіргі таңда біз 200 тоннаның үстінде тауық етін өндіріп, Бесарық ауылы, Қызылорда облысы, Шымкент, Түркістан Алматы қалаларына сұраныс бойынша жіберіп жатырмыз.
Серіктестіктің өкілі бөдене шаруашылығы туралы да айтып өтті. Бүгінде ферма бөдененің жұмыртқасын дүкендерге жөнелтіп, халықты табиғи өніммен қамтып отыр.
ЖАСҰЛАН ТҰРЛЫБЕКОВ, «АБАЙ ДӘУЛЕТ» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Екінші біздің жобамыз – бөдененің жұмыртқасы. Бұл жерде жеке кәсіпкер «Абай-Дәулеттің» қызметкері. 9 млн 230 мың теңге қаражат алып, қазір Қытайдан бөдененің оборудованиесі 10 мың басқа жұмыртқа бағытындағы қондырғысын қойғанбыз.
Бөдене өсіруге арналған орын толықтай автоматтандырылған. Құстарға жем мен су өздігінен беріледі. Ферма қызметкерінің айтуынша, құстарға арнайы күтім қажет, температура 25-26 градус болуы керек дейді ол.
ДАМИР ӘБІЛДА – ФЕРМА ҚЫЗМЕТКЕРІ
Бізде қазіргі таңда 10 мыңнан аса құс бар осы кезде. 5 мың басы ет бағытына, 5 мың басы жұмыртқа бағыты. Күніне 4 - 4,5 мың жұмыртқа алып жатырмыз. Бұл бөдененің ерекшелігі күнде жұмыртқа туады. Ет бағыты да сұранысқа ие. Етті көп адам тұмауға, әртүрлі ауруларға сорпасын қайнатып, асып ішеді. Өте емі зор.
Ауылда «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алып, жұмысын жолға қойған кәсіпкерлер 28 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Цехтардың бағыты да әртүрлі. Айталық, бірі тамақ өндірісіне арналса, енді бірі жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша жұмыс істеп тұр. Мұнда ең бастысы – жаңадан бой көтерген бұл ғимарат кәсіпкерлер үшін тегін беріледі. Яғни, ауылда «еңбек етіп, елге қызмет жасаймын, саланы дамытамын» деген тұрғындарға қолдау да жоғары.
ДӘУЛЕТ СӘРСЕНБАЕВ – БЕСАРЫҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ
«Ауыл аманаты» жобасы аясында «Абай-Дәулет» серіктестігі нысан салып берді, әр кәсіпкер отыратын. «Ауыл аманаты» бойынша 12 кәсіпкер төмендетілген несиемен несие алып, жұмысын бастады. Қазір кондитерлік наубайхана, тұшпара, шұлық цехы, қолғап цехы, пластик бутылка шығарады. Қолөнер шебері көрпе-төсек, одан бөлек фотостудиямыз бар.
Мұндағы кәсіпорынның бірі – нан өнімдерін әзірлейтін «Балауса» цехы. Ауыл тұрғындары қонақ күтетін уақытта бауырсақ пен тапа нан, самса мен құймақ сынды тағам әзірлеуді осы цех қызметкерлеріне сеніп тапсырады екен. Өндіріс орны бір жыл бұрын жұмысын бастады.
ГҮЛЖАЙНА САУАТОВА – «БАЛАУСА» ЦЕХЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ
Күніне 100 шақты бөлке нан шығарамыз, тапа нан шығарамыз. Булочка. Ауылдың той, құдайыларына заказдарын істейміз. Екі жұмысшы жұмыс істейміз.
«Абай Дәулет» серіктестігі 2018 жылдан бері ауылды дамытуға 1,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Қаражат 360 орындық мектеп, 120 орындық балабақша және дәрігерлік амбулатория сияқты әлеуметтік нысандарды абаттандыруға, көгалдандыруға, жөндеуге бағытталды. Бүгінде ауылдың іші көрсең көзің тоятындай әдемі. Ауыл әкімінің айтуынша, барлық көше, тақтайдай тегістеліп, асфальт төселген.
ДӘУЛЕТ СӘРСЕНБАЕВ – БЕСАРЫҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ
Бізде 2022 жылы 6 көшеміз асфальттанды. 2023-те 4 көшеміз асфальттанды. Сонымен ауылымызда бар-жоғы 10 көше. 10 көшеде асфальттанған, жарықтандырылған. 10 көшеге аяқсу келіп тұр.
Қазір ауылда 2367 тұрғын бар. Бүгінде ауыл халқы мал және егін шаруашылығымен қатар айналысады. Мемлекеттік бағдарламалардың аясында кәсіпкерлерге де қолдау бар. Нәтижелі жұмыстың көрінбей қалмайтыны анық. 2023 жылы Бесарық «Үлгілі ауыл» атанды. Иә, инфрақұрылымы дамыған бұл ауылға бара қалсаңыз, «елдімекеннің бәрі осындай болса» дейтіндей-ақ.