#qyzylordatv
Облыс орталығында президент шыршасына арналған дәстүрлі мерекелік шара ұйымдастырылды. «Ғажайыпқа толы жаңа жыл» атты ертеңгілікке Қызылорда қаласымен қатар, әрбір ауданның үздік өрендері қатысып, ерекше өнерлерін ортаға салды. Балаларға базарлық сыйлаған шырша маңындағы керемет кеш турасында тілшіміз сабақтайды.
Жаңа жылдық шыршаға облыс бойынша 9 бен 13 жас аралығындағы 200 бала арнайы шақырту алған. Олардың қатарында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтамасыз етілген және көп балалы жанұялардың балалары бар. Сондай-ақ, оқуда, спортта, шығармашылық ізденіс жолында табысқа жеткен дарынды балалар да осы ортадан табылды. Облыстың барлық аудандары мен қала мектептерінен іріктелген бүлдіршіндерді аймақ басшысы жаңа жыл мерекесімен құттықтап, президенттің естелік сыйлығын тарту етті.
Шыны керек, президент шыршасына қатысу әрбір баланың арманы. Кең залға кіргеннен ертегілер еліне енгендей әсерде боласың. Жалт-жұлт еткен жарық шамдар балғындардың көңілін көкке көтерді. Олар жаңа жылдың ең құрметті қонағы Аяз ата мен Ақша қарды зор қошеметпен қарсы алып, ерекше өнерлерін ортаға салды. Қызықты сәттің куәгері болған жеткіншектер қатарында «Атамекен» балалар ауылының оқушылары да бар.
Жалпы биыл аймақтың білім саласында толайым тірлік атқарылды. Басқасын былай қойғанда салаға бағытталған қаржы 346 млрд теңгеге жетіп отыр. Соның нәтижесінде ауыл-аймақтағы білім ұялары талапқа сай жаңғырды. Заманауи мектептер, физика-математика бағытындағы лицей-интернат, «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы және оқушылар сарайы секілді еңселі ғимараттар осы жылдың еншісіндегі тындырымды тірлік.
Мерекеде Желаяқ, Күншуақ, Тәттібек, Люми сияқты кейіпкерлердің қатысуымен театрландырылған қойылым көрсетілді.
Осылайша, ғажайыпқа толы мерекені күткен, ертегілер еліне саяхат жасаған жеткіншектер ән айтып, би билеп, құшақтары жаңа жылдық сыйлыққа толып тарасты.