#qyzylordatv
Жылжабар тұста қалалық жастар орталығының ұйымдастыруымен «Qosyl» премиясы өтті. Шара аясында түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген үздіктер қала әкімінің «Самғау» жастар сыйлығымен марапатталды. Сондай-ақ, жұмысшы мамандықтар жылы аясында өткен байқаудың жеңімпаздары анықталды.
Қала әкімінің «Самғау» сыйлығы талантты, озық ойлы, көшбасшы, белсенді жастарды қолдау мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Биыл байқауға қала бойынша барлығы елуден астам үміткер қатысқан. Комиссия шешімімен олардың арасынан 10 жас іріктеліп алынды. Жалпы Қызылорда жастары биыл белсенділігімен қуантты.
АРНҰР НҰРМАҒАМБЕТОВ – ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Ғани Мұратбаев сынды ел жастарын соңына ерте білген тұлғалардың жолын жалғайтын белсенді, әрі жауапты жастар шоғыры қалыптасқаны 2025 жылдың маңызды қортындыларының бірі. Бұл жүйелі жұмыстың және жастардың өз болашағына бейжай қарамайтындығының айқын дәлелі.
Қорытынды кеште білім мен ғылым, өнер және мәдениет, әдебиет пен журналистика, спорт саласы, патриотизмді қалыптастыру ісіндегі қоғамдық-саяси белсенділігі бойынша үздік деп танылғандар марапатталып, 120 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақыға ие болды.
АЗАМАТ АБИМОЛДА – «САМҒАУ» ЖАСТАР СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ИЕГЕРІ Мен қоғамдық саясат және жастар саясаты бағытында қатыстым. Кемі 3 жыл көлемінде осы жастармен айналысып келе жатырмын. Нақтырақ, айтқанда ғылым саласында. Оларды олимпиадаға, ғылыми жұмыстарға қатыстырып, дайындап деген секілді. Атап айтсақ болады, 20 шәкіртімнің 16-сы респубилкалық ғылыми байқауына қатысып, 2 алтын, 6 күміс, 7 қола жүлделерді жеңіп алды.
Жыл үздіктері анықталған шарада Қосыл премиясы 10 аталым бойынша берілді. Бұл ретте «Қайсар» футбол клубының қақпашысы жыл үздігі атанды. Нұрымжан Салайдин «Қайсар» футбол командасымен биыл 26 ойын өткізіп, қасқырлар қақпасын сауатты қорғай білді.
Жылды қорытындылаған салтанатты шарада жұмысшы мамандықтар байқауында үздік нәтижеге қол жеткізген 5 студент қала әкімінің қаржылай сыйлығына ие болды. Осылайша әр саланың үздіктері мәртебеленген кеш жергілікті өнерпаздардың ән шашуымен аяқталды.