#qyzylordatv

Қызылорда медициналық жоғары колледжінде «Мейірім» атты пациенттерге күтім көрсететін орталық бар. Ерекшелігі сол, білім ордасы шетелдік тәжірибені іске асырып, күтім жасауды науқастанған адамның өзіне және туыстарына үйретіп жатыр.

 Мамыр айында ашылған орталықта оқытушылар емхана мейіргерлермен бірлесіп, күтім жасау бойынша тұрғындарға кеңес береді. Қызмет алушылардың бірі – Мейірбек Баянбаев. Инсульт алған ақсақалдың қайта қалыпқа келуіне медицина қызметкерлері үлес қосуда.

 МЕЙІРБЕК БАЯНБАЕВ – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

Мен инсульт алғам екі рет. 2013 те. Аварияға түскем. Содан бері медицина саласы мені үйтті-бүйтті. Жылына бір рет Талсуатқа барамын. Қызылорда қаласының медицина колледждері өте жақсы. Дәрі қалай ішуді, массаж жасауды, азанда орнынан тұрған кезде, соның бәрін осы ақ халатты абзал жандар үйретеді. Аптасына бір рет, айына шақырады. Медицинаға көп-көп рахмет.Осы медицинаның арқасында жүрміз.

Колледж директорының айтуынша, бұл шетелде бар тәжірибе. Латвияға іс-сапармен барғанда осы бағыттағы жұмыстармен танысып, оқу орнында орталық ашу идеясы туындады. Бүгінде орталықта 10 қызметкер еңбек етеді. Жуырда колледж оқытушылары Тараз, Шымкент қаласындағы жоғары медициналық колледждеріне барып, тәжірибесімен бөлісті.

ЖАНАР ҚАЛМАҚОВА – ҚЫЗЫЛОРДА МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ

Былтырғы оқу жылында денсаулық сақтау басқармасының басшысымен Латвияға барған болатынбыз іс-сапармен. Тәжірибе алмасу мақсатында. Ол жақта паценттерге, олардың туысқанына күтім бойынша жасалынатын жұмыстарды өз көзімізбен көріп келгеннен кейін сол тәжірибені Қызылорда облысында өзіміздің жоғары медициналық жоғары колледжінде пациенттер мен олардың туысқандарына күтім бойынша үйрету мектебін аштық. Содан бері денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен әр емхана өзінің графигі бойынша пациенттерді олардың туысқандарын жіберіп тұрады. Сол бойынша біздің оқытушылар сол кісілерге қалай күтім жасау керегін үйретеді.

 Орталыққа айына 15-20 пациент келеді. Мұнда көбіне инсульт алған және қант диабетімен ауыратын, созылмалы аурулармен науқастанған пациенттерге, оның туыстарына үй жағдайында қолжетімді заттармен күтім жасау түрлері үйретіледі. Айталық, келушілер массаж жасау, пациенттің өзі жүріп-тұруы, жуынуы бойынша кеңестермен, сондай-ақ тері күтімімен де танысады.

 ГҮЛАЙЫМ КЕМЕЛБАЕВА – БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ

 Бізде аптасына үш күн график бойынша кесте қойылған. Кезектесе отырып, біз пациенттерді таңертеңнен кешке дейін осы орталықта қабылдаймыз. Қаламыздағы емханалардан осындай созылмалы аурулармен есепте тұратын, ауыратын пациенттер және оның туыстары келіп, біздің орталықтан осы мейіргерлік күтім көмектерін алады. Осындай күтімді үйренемін, не болмаса сондай аурумен ауыратын науқастары бар адамдар болатын болса, біздің орталыққа шақырамыз. Көмек көрсетуге әрқашан дайынбыз.

 Орталық пациенттердің тез сауығуына септігін тигізетіні белгілі. Ал колледж қызметкерлері тұрғындарды оқу орнына келіп, күтім жасап үйренуге шақырды.