#qyzylordatv

Спорт жаңалықтары... Облыс орталығында мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Қабыловты еске алуға арналған дзюдодан турнир өтті. Дәстүрлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен және көршілес Қырғызстан мемлекетінен 300-ге жуық жас спортшы қатысып, татами төрінде өзара мықтыны анықтады.

 Өткеннің ұлағатын ұмытпай, өнегелі жандардың ісі мен есімін ұлықтау бүгінгі ұрпақтың парызы. Сондай тау тұлғалардың бірі жалағаштық Ілияс Қабылов. Ол бар саналы ғұмырын ағартушылыққа арнап, елде ілім-білімнің дамуына атсалысты. Елдік жолда еңбек еткен ердің есімі ел жадында сақтаулы. Жыл сайын арда азаматтың құрметіне еске алу турнирі ұйымдастырылып, өнегелі өмірі жас ұрпаққа дәріптеліп келеді.

Осымен 12-ші мәрте өткізіліп отырған боз кілем додасы талай таланттардың қанатын қатайтып, шеберлігін шыңдады. Жарыстың тарихына үңілсек, Әлем чемпионы, Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы,Азия біріншілігінің қола жүлдегері Мағжан Шәмшадин, Қазақстан спортының тарихындағы тұңғыш жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы, Әлем, Азия біріншіліктерінің жеңімпазы Бауыржан Жауынтаев секілді балуандар жастық шағында Ілияс Қабылов турнирінде күресіп, олжа алған. Бүгінде шоқтығы биік бәсеке жас спортшылардың да жоғары жетістіктерге жетуіне септігін тигізуде.

Биылғы сайысқа еліміздің тоғыз облысынан және Қырғызстаннан 25 команда қатысты. Үш жүзге жуық жас балуан 16 салмақ дәрежесі бойынша жүлделі орындарды сарапқа салды. Д

Сырдағы жарыстан қалыс қалмайтын командалардың бірі Түркістан облысының балуандары. Еліміздің оңтүстігінен келген спортшылар Ілияс Қабылов турнирінен олжасыз қайтқан емес. Байрақты бәсекеге қырғыз спортшылары да жақсы дайындықпен келіпті.

 Үш күнге созылған турнир қорытындысымен Сыр өңірінің жас балуандары жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алды. Түркістан және Алматы облысының спортшылары үздік үштіктен көрінді. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Ілияс Қабылов турнирінің арнайы медальдары мен алғыс хаттары табысталды.