2025 жылдың тарих қойнауына енуіне санаулы сағат қалды. Бұл жыл Сыр елі үшін жағымды жаңалықтарымен, ел қуанышын еселеген игі істерімен есте қалмақ. Бұл туралы жылдың 365 күніне шолу жасап, аймақтың ахуалын бағдарлаған тілшіміз Айдана Жұмадинова баяндайды.
АЙДАНА ЖҰМАДИНОВА – ТІЛШІ
Сонымен 2025 жыл Сыр өңіріне қандай өзгерістер әкелді? Аймақтың саяси-әлеуметтік және мәдени өмірінде ауыз толтырып айтарлықтай нендей жаңалықтар болды? Ең жарқын ақпараттарды тізбектемес бұрын қызылордалықтарды сөзге тартуды жөн көрдік. Жылдың басты жетістігі қайсы деген сауалымызға жауап іздемекпіз.
Иә, өтіп бара жатқан жылдың еншісіндегі ең айтулы жаңалық - «Қазақ» атауының қайтарылғанына және Қызылорда қаласының ел астанасы болғанына – 100 жыл толуы. Осы мерейтойға орай аймақта көптеген маңызды іс-шаралар ұйымдастырылды. «Қызылорданың астаналық кезеңі: тарих пен тағылым» тақырыбында өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ғалымдар ғасырлардан сыр тартатын тарихи деректерді тірілтті.
Тарихты парақтасақ, 1925 жылғы 15-19 сәуірде Ақмешіт қаласында бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қырғыз-Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік республикасы кеңестерінің бесінші съезінде Қазақ республикасы деген атау өмір шындығына айналды. Ақмешіт қаласын «Қызылорда» деп атау жөнінде ұлттық маңызды тарихи шешім қабылданды. Сондықтан айтулы мерейтойға орай облыстық тарихи-өлкетану музейінің сол жағалаудағы жаңа ғимаратқа көшуі қызылордалықтар үшін елеулі жаңалықтың бірі болып қалмақ. Сандық-мультимедиялық технологиялармен жабдықталған бұл нысанда 250 мыңнан астам экспонатты сақтауға болады. Музейге көршілес тұрған зәулім нысан да өтіп бара жатқан жылдың жаңалығы. Елу жылдық тарихы бар Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжі биыл жаңа ғимаратқа көшірілді.
Ал «Сыр жұлдыздары» балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық-инновациялық академиясы Қызылорданың кішкентай тұрғындарына тамаша тарту болса, физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының ашылуы дарынды балаларға керемет мүмкіндік сыйлады. Бұған дейін Физика-математика пәндерін тереңдетіп оқытатын лицей-интернат еліміз бойынша Алматы мен Астана қаласында ғана болатын. Ал биыл алғаш рет Сыр өңірінде ашылып, ел игілігіне берілді. Айта кету керек, бұл нысан заңсыз иемденген активтерден қайтарылған қаржыға салынған.
Ал «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында биыл аймақта 10-шы мектеп табысталды.
Жыл жаңалығы деп 11 мың орындық «Қайсар-Аренаны» айтуға болады. УЕФА-ның 4-санатына сәйкестендірілген спорттық нысанда халықаралық деңгейдегі спорттық және мәдени шараларды жоғары сапада өткізуге мүмкіндік бар. Жалпы биыл Сыр өңірінің спорт саласында елді ерекше қуантқан жаңалық болды. Араға 26 жыл салып Қазақстан қоржынына грек-рим күресінен Әлем чемпионатының алтын жүлдесі түсті! Айдос Сұлтанғали Хорватия астанасы Загреб қаласында грек-рим күресінен өткен ересектер арасындағы Әлем чемпионатында 60 келі салмақ дәрежесінде жеңіс тұғырынан көрініп, көк туымызды көкке желбіретті. Осылайша Сыр елінің мақтанышы, екі дүркін әлем чемпионатының қола жүлдегері Айдос Әлем чемпионы атанды.Байрақты бәсекеде ел мерейін асырған Айдос Сұлтанғалиға аймақ басшысы Сыр халқының атынан алғыс білдіріп, пәтер мен автокөлік кілтін табыстады. Жеке бапкері Ғабиден Райымбекұлына да пәтер кілтін берді. Сондай-ақ Айдос Сұлтанғалидің төл арнамыздың «Жыл таңдауы» телевизиялық жобасында халықтың таңдауымен «жыл спортшысы» атануы да бекер емес.
Мысырдың Каир қаласында пара пауэрлифтингтен өткен Әлем чемпионатында жерлестеріміз Фариза Төлжан мен Снежанна Бойконың да жарқын жеңістері жыл еншісіндегі ақжолтай ақпардың бірі.
Аймақтың қарқынды құрылысы секілді кәсіпкерлік саласы кең қанат жайып келеді. Мәселен, жылан жылында сол жағалауда «Syr Darya» коммуналдық базары ашылды. Жаңа нысан кәсіпкерліктің жандануына мүмкіндік жасап, облыстың экономикасына тың серпін берді. Күнделікті тұрмысқа қажетті өнімдерді тиімді бағада халыққа ұсынатын «Syr-Darya» коммуналдық базарында сұраныс пен ұсыныс бір-бірін адаспай тапты десек те болады.
АЙДАНА ЖҰМАДИНОВА – ТІЛШІ
Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған жүйелі жұмыстың бір көрсеткіші – «Тұмар» шағын өнеркәсіптік аймағының ашылуы болды. Мұнда азық-түлік өнімдерін өндіруге бағытталған 8 өндірістік цех жұмыс істейді. Өнеркәсіптік аймақта өнімдер өндіріліп қана қоймайды, басқа дүкендерге жөнелтілумен қатар, тұрғындардың осында келіп сауда жасауына да жағдай жасалған. Қазіргі уақытта мұнда ет пен сүт, нан-тоқаш, шұжық, жартылай дайын өнімдер даярлайтын және кондитерлік цехтар орналасқан.
Шыны зауыты жанынан іске қосылған заманауи кірпіш өндіру зауыты, «Қызылорда-Нан» серіктестігінің нан, кондитерлік-макарон өнімдерін өндіретін кешені де 2025-тің жаңалығы. Үкімет қаулысымен биыл Қызылорда қаласында «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағы құрылғанын да атап өткен жөн.
Бұл жылы тұрғындар бір-бірінен көптен күткен жаңалықпен сүйінші сұрады. Қызылорда-Жезқазған автобанының біздің облысқа тиесілі 192- шақырымында көлік қозғалысы толық ашылды. Облыс аумағындағы 216 шақырым жол толық қайта жаңғыртудан өтіп, тиісті жұмыстар аяқталды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылының екінші кезеңі де аяқталып, ел игілігіне берілді.
Аймақта таза ауыз суды жеткізу мәселесі шешімін тапты. Осы жылы барлық елдімекен 100 пайыз орталықтандырылған сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді. Газдандыру бойынша шалғай ауылдардың көгілдір отынға қосылу көрсеткіші артты. Мұның барлығы бір күндік емес, кезең-кезеңімен, кезек-кезегімен атқарылған жұмыстың жемісі.
Қазан айында аймағымызға жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сыр өңіріндегі іргелі істерге оң бағасын беруі сөзімізге дәлел.
АЙДАНА ЖҰМАДИНОВА – ТІЛШІ
Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп. 2025 жылы барлық салада нәтижелі жұмыс бары анық байқалды. Бұл бастамалар келесі жылы да жалғасын табады деп сенеміз. Ол үшін, әрине, берекелі бірлік, тындырымды тірлік керек. Жылқы жылының әр күні жақсылыққа толы болсын!