#qyzylordatv

Жаңа жыл мерекесі кезінде бірқатар мекеме күшейтілген режимде жұмыс істеді. Тұрғындардың саулығы мен тыныштығын сақтау үшін дамылсыз еңбек еткен мамандардың жұмысы туралы тілшіміз тарқатады.

Думанға толы мереке күндері тұрғындар мәре-сәре күй кешіп, сауда орталықтарының жұмысы қыза түсетіні белгілі. Пиротехниканың да сатылымы арта түсті. Абырой болғанда биыл пиротехникадан зардап шеккендер жоқ. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты мекемелерінің жеке құрамы 31 желтоқсан сағат 09.00-ден бастап 5 қаңтарға дейінгі аралықта күшейтілген режимде қызмет атқарды.

Мереке күндері азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықтан келіп түсетін өтініштерге жедел ден қою мақсатында Жедел әрекет ету орталығы «109» және «112» бірыңғай байланыс нөмірлері арқылы күшейтілген режимде жұмыс жүргізді. Орталық тәулік бойы үздіксіз қызмет көрсетіп, байланыс операторлары мен жауапты мамандардың кезекшілігі күшейтілді.

АЙДАНА ЖҰМАДИНОВА – ТІЛШІ

"Мерекелік демалыс күндері «112» желісіне 3583 хабарлама келіп түскен. Әдеттегі күндері 500-ден астам хабарлама келіп түсетін болса, бұл күндері тәулігіне өтініштерді қабылдау мен тіркеудің орташа саны 700-ден асып түскен. 112 нөмірі арқылы шұғыл сипаттағы 1615 хабарлама қабылданған. Өтініштердің барлығы дерлік белгіленген мерзімде қабылданып, жауапты мекемеге жолданған."

Ал «109» желісіне 1973 өтінім келіп түскен. Өтініштерді қабылдау мен тіркеудің тәуліктік орташа саны – 394-ті құрады.

Мереке күндері әдеттегіден тыс қарбалас болатыны белгілі. Сондықтан адам өміріне қатысты да алаңдаушылық туындайды. 31 желтоқсан мен 4 қаңтар аралығында 103 желісіне түсіп орындалған шақырулар саны 6700 болса, оның 2100-і балаға байланысты.

Ел 2026-ны қарсы алған жаңа жыл түнінде бірқатар отбасының қуанышы еселене түсті. Аймақ бойынша 54 сәби дүниеге есігін ашты. Оның 25-i ұл, 29-ы қыз бала.