#qyzylordatv
Заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтару жұмысы жалғаса береді. Президент Түркістан газетіне берген сұхбатында бұл жұмыс құзырлы органдардың күнделікті қызметінің бір бағытына айналғанын айтты. Қаңтар оқиғасынан кейін Бас прокуратураның жанынан арнайы комитет құрылған. Қазір ол инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі құрылым болып өзгерді. Мемлекет басшысының сөзінше, енді бұл шаруаны бір орталықтан үйлестіріп жүргізудің қажеті жоқ. Сондықтан, инвесторлардың құқығын қорғауға баса мән беретін кез келді.
Атқарылған жұмыстың нәтижесі де айтылды. Заңсыз активтерді елге қайтару жөніндегі комитет олигополия өкілдерінен 1,3 триллион теңгеден астам қаржы өндіріп алды. Соның 1 триллион теңгеден астамы мемлекет қазынасына түсті. Арнайы мемлекеттік қордағы қаражат есебінен елімізде жалпы құны 482 миллиард теңге болатын 434 әлеуметтік және коммуналдық нысан салынып жатыр. Оның қатарында 227 сумен қамтамасыз ету, 183 денсаулық сақтау, 11 білім беру, 5 спорт, 8 инфрақұрылым нысанының құрылысы бар. Сондай-ақ, Павлодар, Арқалық, Балқаш қалаларындағы әуежайлар жаңғыртылып жатыр. Президенттің сөзінше активтері күмән тудырып, күдікке ілінген адамдардың көбі қаржысын елге инвестиция ретінде салуға ниет білдірген. Олармен жалпы сомасы бес триллион теңгеден асатын келісімдер жасалды.