Жаңа жыл қарсаңында облыс орталығында заман талабына сай жиһаз фабрикасы ашылды. Өндіріс процесі толықтай автоматтандырылған кешенде жылына 35 мыңнан астам кеңсе және үй жиһаздары жасалмақ. Бұл ішкі нарықтың сұранысын біршама өтейді, дейді мамандар. Келісті кешен жұмысымен әріптесім Елжас Әбділда танысып қайтты.
Көздің жауын аларлық кеңсе жиһаздары, үйіңіздің сәнін келтіретін мың өрнекті бұйымдар. Бір қарағанда мұның бәрі шетел асып жеткізілген өнім болып көрінуі мүмкін. Бірақ жаңашыл жиһаздар түгелдей Қызылордада жасалған. «Панабек» серіктестігі өндіріс қуатын арттыру мақсатында өңірлік инвестициялық орталық арқылы 59 млн теңге жеңілдетілген несие алды. Әзірге мұнда жиһаздың 40-қа жуық түрі шығарылады. Енді автоматтандырылған жаңа кешен арқылы өнімділікпен қатар, тауар түрі де көбеймек.
Жиһаз цехы осыдан 20 жыл бұрын ашылған. Алғашында 50 шаршы метрден басталған отбасылық кәсіп, бара-бара қуатты құрылымға айналды. Қазір бұл кешенде 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жылына 35 мыңнан астам кеңсе, асхана, мектеп парталары мен өзге де жиһаз түрлері шығарылады.
Компания өнімдеріне тапсырыс тек облыс көлемінде ғана емес, сондай-ақ Алматы, Астана, Шымкент, Ақтау, Тараз, Орал қалаларынан да жиі түседі. Алдағы уақытта кәсіпкер шетел нарығына шығуды да жоспарлап отыр.