Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде қала әкімдігі жылды қорытындылады. Мерекелік жиында түрлі салада озат атанған қызметкерлер құрмет төрінен көрініп, қала әкімі жылды табысты түйіндеген әріптестеріне алғыс білдірді.
Келер жылы Қызылорда қаласының жаңа Бас жоспары бекітіледі. Бас жоспарда шаһар іргесіндегі саяжайлар толығымен қамтылып, оларға тұрғын аумақ статусы беріледі. Бұл шаһар аумағының кеңейіп, атқарылар істердің де ауқымы көбейе түсетінін аңғартып отыр. Қала әкімі алдымен жыл көлемінде орындалған оңды істерді баяндап, жаңа жоспарлардың да бар екенін жеткізді.
НҰРЖАН АХАТОВ – ҚАЛА ӘКІМІ
//Қала бюджеті жыл басында 73 млрд. 300 млн. теңгемен бекітіліп, бүгінде 154 млрд. 200 млн. теңгеге жетіп, екі есеге артып отыр. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 357 млрд. 200 млн. теңгені құрап, 126,1 пайызды мөлшерледі. Құрылыс жұмыстарының көлемі 161 млрд. 100 млн. теңгені межелеп, 122,6 пайызға өсті. Биыл құны 20 млрд. 200 млн. теңгеге облыс орталығындағы жеке кәсіпкерліктің 799 жобасы қаржыландырылды. Алдымызда айқын міндеттеріміз бен анық жоспарларымыз бар. Келер жылы қаланың, оған қарасты кенттер мен ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған 133 жоба әзірленуде.
Салтанатты жиында Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағының «Мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан үлесі үшін» медалі Белкөл кентінің әкімі Жасұлан Сәдуге табысталса, 2023 жылдан бастап Қызылжарма ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып келе жатқан Шәріп Әбдірахманов «Еңбек озаты» медалімен марапатталды.
Қорытынды іс-шарада Қалалық жастар театры «Үздік өнер ұжымы» атанса, «Жаңалық жаршысы» номинациясы «Ақмешіт ақшамы» басылымына бұйырды. Сондай-ақ, «Жыл волонтері», «Қоғам жанашыры», «Сахна сардары», «Жыл спортшысы», «Үздік кәсіпкер», «Тазалық сақшысы», «Жыл қорғаушысы» секілді 20-дан астам номинация бойынша үздіктер анықталды.
Ахмет Байтұрсынов атындағы №211 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Айман Абасилова «Жыл ұстазы» номинациясының иегері атанды. 33 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз тіл білімі мазмұнын жаңғырту, оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру дамыту бағытында нәтижелі жұмыс істеп келеді. Сабақ үдерісінде заманауи педагогикалық әдістерді тиімді қолдануға басымдық берген. Биыл «Үздік педагог-2025» байқауының жеңімпазы атанды.
Мұнан бөлек бірқатар сала қызметкерлеріне жемісті еңбегі үшін облыс және қала әкімінің «Алғыс» хаты мен қала әкімдігінің «Құрмет» грамотасы табысталды. Интершум
Қорытынды жиын соңы қала өнерпаздары мен шығармашылық үйірме мүшелерінің концерттік бағдарламасына ұласты.