#qyzylordatv
Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде инфляция деңгейін төмендету, азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мақсатында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі 19-дан 31-ге кеңейтілді. Жаңартылған тізімде қара шәй, қызанақ, қияр, алма, сүт және балық өнімдері бар. Сонымен қатар, сиыр мен қой еті енгізілген. Осыған сәйкес, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев сала мамандарымен бірге қаладағы бірқатар сауда орталықтары мен әлеуметтік дүкендерді аралап, тауарлардың бағаларына мониторинг жүргізді.
Ардақ Темірханұлы алдымен «Сұлтан-2», «Қызылорда оптомаркет», «Small» сауда желілерін аралап, азық-түлік бағасын салыстырды. Мұнан кейін, әлеуметтік дүкендерді аралап, жауапты сала басшыларына ондағы тауарлардың бағасын тұрақтандыру, сапасын қамтамасыз ету және аталған дүкендердегі өнімдердің халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма жүктеді. Сондай-ақ, қымбатшылықтың алдын алу үшін арнайы акциялар ұйымдастыру қажеттігін айтып, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу керектігін ескертті.