#qyzylordatv
Сыр жұртшылығы жаңа жылды жарқын үмітпен, ізгі ниетпен, көтеріңкі көңіл күймен қарсы алды. Арбат бойындағы мерекелік іс-шараға облыс әкімі қатысып, қала тұрғындары мен қонақтарын Жаңа жылмен құттықтады.
ӘКІМЖАН ЖОЛТАЕВ, ТІЛШІ \Міне, Жылан жылы жылыстап, жаңа Жылқы жылы табалдырықтан аттады. Әрине, өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп. Өткен 2025 жыл Сыр өңірі үшін табысты әрі жемісті жыл болды. Ауқымды жобалар жүзеге асып, байыпты бастамалар қолға алынды. Қала тұрғындары мен қонақтарын мерекемен құттықтаған аймақ басшысы өңірде атқарылған жұмыстарға рет ретімен тоқталып өтті\
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ \ Облысымыз барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алғашқы орындардамыз. Облысымыздың бюджеті 851 млрд. 300 млн. теңгені құрап, 2021 жылдан бері 246 пайызға өсті. Бұл қаражат аймағымыздың ең өзекті мәселелерін шешуге, тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға, жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталуда. Даму бюджетінің көлемі биыл 207 млрд. теңгеге жетіп,
2021 жылмен салыстырғанда 4,4 есеге артты. Өңірімізде қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, жаңа ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда. 2022-2024 жылдары 1 трлн. 600 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылса, биыл 750 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылуда\
Иә, өңірде қай салада болмасын нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, елді мекендерді газдандыру, ауыз сумен қамту, жол жөндеу, электр желілерін жаңғырту, жарықтандыруға басымдық берілді. Нәтижесінде, аймақта ауыз су мәселесі толықтай шешілсе, көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 83 пайызға, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жетті. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады.
Сыр жұртшылығы жаңа жылдан да жақсылық пен жарқын бастамаларды күтеді.
Жаңа жылдық шарада Аяз ата мен Ақшақардың, ертегі кейіпкерлерінің және жергілікті өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарлама қойылды. Сондай-ақ кеш қонағы, эстрада әншісі Дана Кентай ән шырқап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Думанды кеш мерекелік отшашумен қорытындыланды.