Шиелі ауданында жыл үздіктері анықталды. Өңірдің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтарға аудан әкімі салтанатты жиында құрмет көрсетіп, алғысын білдірді.


 Жылыстап бара жатқан жылан жылы Шиелі жұртшылығы үшін жаман болған жоқ. Әсіресе, көптен күрмеуі тарқамаған әлеуметтік мәселелердің оң шешілуімен есте қалды. Мәселен, Жансейіт және 21-ші бекет елді мекен тұрғындарының талайғы тілегі ескеріліп, көгілдір отын жеткізілді. Осылайша аудан халқын газбен қамту көрсеткіші 81 пайыздан асып отыр. Білім, мәдениет салаларында да толайым тірлік бар. Мұның бәрі қаржы тайқазанының толыға түскенін айғақтайды.


 Шиелі – ауыл шаруашылығы саласында көш ілгері. Биыл Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары 12 мың 300 гектарға Сыр саласын егіп, күріштің әр гектарынан орташа 61,3 центнерден өнім жинады. Егісті әртараптандыру көрсеткіші бойынша да көш ілгері. Осы еңбек ескеріліп науқан қорытындысы бойынша Шиелі ауданы облыста озат атанған-ды. Осылайша тәуелсіз ел тарихында шежірелі өлке диқандары бесінші мәрте көш бастап отыр. Осыдан-ақ, жылдың жаман болмағанын аңғаруға болады.


 Салтанатты кеште түрлі сала мамандары «Жыл үздігі» номинациясына ие болды. Үздіктер көшін білім саласының үлгілі маманы бастап шықты. Батырбек Қалмахан математика пәнінің мұғалімі. Жас маманның ұстаздық жолға түскеніне көп бола қоймапты. Десе де, шәкірттері биыл білім бәйгесінде бірнеше рет топ жарып, өзі де жыл қорытындысымен жүзден жүйрік атанып отыр.


 Жиында 30-ға жуық маман жемісті еңбегіне қарай үздік атанды. Олардың қатарында алтын қолды дәрігер, маңдайалды мәдениет маманы, сақа спортшыдан бастап, қарапайым жұмысшы сала өкілдері де бар. Аудандағы ірі өндіріс орындарының жүк тасымалын дер кезінде орындап жүрген қажырлы қызметкерлер де осы қатардан табылды.


 Осылайша жыл қорытындысына арналған мерекелік кеште түрлі салада тыңнан түрен салып жүрген еңбек озаттарына құрмет көрсетілді. Мұнан соң жергілікті өнерпаздар концерттік бағдарламаларын ұсынып, жұртшылыққа рухани әсер сыйлады.