Қазалы ауданында жыл қорытындысына арналған салтанатты іс-шара өтті. Жылжабар жиында ауданның әлеуметтік экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азамат марапат мінберінен көрінді. Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов жыл бойы атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарымен бөлісті.


2025 Қазалы ауданы үшін табысты әрі жемісті жыл болды. Ел игілігіне бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асып, барлық салада оң нәтиже қалыптасты. Қаржы қазаны қайнап, салық түсімі артты. Бюджет қаражаты тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып, ауданның әлеуметтік экономикалық дамуына бағытталды. Атап айтсақ, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 300 орындық білім ошағы, «Руханият» орталығы, 42 төсектік кардиология және инсульт орталығы, жаңа прокуратура ғимараты, Қазалы мәдени-демалыс кешені, Майдакөл ауылында 100 орындық ауылдық клуб, Әйтеке би кентінде 80 пәтерлі 40 тұрғын үй салынып, ел игілігіне берілді. Мұнан бөлек, Ақтан батыр ауылы көгілдір отынға қосылып, шалғайдағы Шәкен, Шилі, Сарбұлақ, Шитүбек ауылдарына таза ауыз су жеткізілді.


АЛМАСБЕК ЕСМАХАНОВ, АУДАН ӘКІМІ \Аудан халқын сапалы инфрақұрылыммен қамту бойынша, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Түктібаев, елді мекендеріне газға жеткізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Халықты сапалы электр энергиясымен қамту бағытында Қазалы қаласының электр желілерін толық жаңарту, «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында Қожабақы ауылының электр желілерін қайта жаңғырту және Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығындағы жаңадан ашылған кварталдардағы нысандар мен тұрғын үйлерге керекті электр энергиясының қуаттылығын арттыру мақсатында қосалқы стансасының құрылысы жұмыстары жүзеге асырылуда\


 Жылқы жылында да атқарылатын жұмыс көп, жоспар ауқымды. Мәселен, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Түктібаев ауылдары көгілдір отынға қосылса, Әйтеке би кенті, Қожабақы, Бекарыстан би ауылдарында спорт кешендері пайдалануға беріледі. Сондай-ақ аудандағы ең өзекті мәселенің бірі Қарлан көпірінің құрылысы аяқталады.


 АЛМАСБЕК ЕСМАХАНОВ, АУДАН ӘКІМІ \Аймақ басшысының қолдауымен Қарлан көпірінің құрылысын аяқтауға облыстық бюджеттен 2.2 млрд теңге қаржы бөлініп, көпір құрылысында келер жылы толықтай аяқтап, ел игілігіне пайдалануға беру жоспарланып отыр. Аудандық бюджет есебінен аудан орталығы мен елді мекендерде жол жөндеу, көшелерді жарықтандыру мен абаттандыру, көркейту көгалдандыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылатын болады. Келер жылы жол инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында, ауылдармен қатар 50 мыңға жуық халық тұратын аудан орталығы – Әйтеке би кентінің жол жөндеу, жарықтандыру басқа да жұмыстарына басымдық беруді жоспарлап отырмыз\


 Жыл қорытындысына арналған салтанатты жиында түрлі салада жемісті еңбек етіп, ауданның дамуына үлес қосып жүрген азаматтар мен көпбалалы аналар марапатталды.


 Мерекелік кеште жыл үздіктері де марапатталды. Мәселен, «Намыс-Құрылыс» жауапкершілігі серіктестігінің директоры

Әбдімәлік Өтеулі «Жылдың үздік меценаты» атанса, Бірлік ауылдық клубының меңгерушісі Таня Оспанова «Жылдың үздік мәдениет қызметкері» номинациясына ие болды. Ал, бокстан жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионы Зарина Толыбай «Жылдың үздік спортшысы» атанды.


 Шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Облыстық, республикалық байқауларда топ жарып жүрген қазалылық әншілер көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, Жаңа жылмен құттықтады.