Санаулы сәттен соң жылқы жылы төрімізге енбек. Қазақ үшін төрт түліктің төресі саналған жануар бұл. Сондықтан есігімізді қаққан жылдың берекесі мол, жұртшылыққа жайлы болады деген үміт басым. Ал, этнограф ғалымдар мен нумерологтардың бұл жыл турасындағы байламы қандай? Әріптесім Елжас Әбділда саралап көрген еді, сюжетін көрейік.
Жылқы адал әрі кек сақтамайтын жануар. Сондықтан қазақ үшін қамбар ата тұқымынан асқан қасиетті мал жоқ. Ықылым заманнан өмір салты, ішкен асы, мәдениеті жылқымен байланысты. Тіпті, қазақ өзін «Жылқы мінезді халық» деп санайды. Уақыт көші зыр айналып, құндылықтар өзгерді. Бірақ, төңірек гүлденіп, техника түрленгенімен тұлпардың тұрпаты тұрмысымыздан көше қойған жоқ. Әсіресе, ат спорты жыл өткен сайын жаңғыра түсуде.
Жалпы, әр жылдың өзіне тән ерекшелігі бар. Тарихтан тартсақ, жылқы жылы жайлылығымен жиі есте қалған. Ауа райы қалыпты болып, қарапайым қауымның несібесі молайып отырған. Шығыс күнтізбесі бойынша 2026 «Қызыл отты жылқы жылы» деп аталады. Ол қуатты энергияның, батыл әрекеттердің, ішкі еркіндік пен күрт өзгерістің кезеңі дейді нумерологтар.
АЯНА ҒАБИДУЛИНА – НУМЕРОЛОГ /2026 жыл 1 санына сәйкес келіп тұр. Сондықтан ол бастамалардың бастамасы десек те болады. Бұрын-соңды жылы жауып қоя беретін жобаларды қолға алатын жыл. Бәлкім деп айтайын, бірақ дегенменде 6 саны кездессе, демек еңбек етуге, іс бастауға, бұрын-соңды кәсіп бастауға батылы жетпей жүргендерге осы жылы батыл шешім қабылдауға болады/
Жылқы адамның көңіл-күйін сезіп, иесін дауысынан-ақ таниды. Сондықтан бұл жылы қозғалысқа құрылған жаңа бастамаларды жүзеге асыруға қолайлы болғанымен, кейбір адамдар эмоциялық тұрғыдан күрделі кезеңді өткереді, дейді маман. Сол себепті сырт еткен сезімге берілмеу маңызды. Ал, ұланғайыр атырапты ат үстінде жүріп қорғаған бабаларымыз жылқы жылын асыға күткен, дейді этнограф.
ОРАЗХАН АЙДАРОВ – ЭТНОГРАФ /Жалпы жылқы өте қасиетті жануар ғой. Ол қазақ халқында емес, жалпы түрік халықтарына киелі, қасиетті жануар болып саналады. Етене табиғатпен байланыста болғаннан кейін сол жануардың іс-әрекетіне қарай жылды бақылап отырған ғой. Жылқы жылы өзінің жақсы қасиет, мінезімен келеді деп ойлаймын/
Алдағы жылы алып құрылыс салуға, ірі жобаларды бастауға қолайлы. Сондай-ақ, тірліктен мән іздеген жандар үшін ортасын ауыстырып, жиі саяхаттауға да оңтайлы болмақ. Бір сөзбен, жылқыдай жүйіткіп шабатын, жүрек қалауын табатын жыл болады деген үміт басым.