#qyzylordatv
Бүгін «Өнер» орталығында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құқық қорғау органдарының бірінші басшыларымен, Парламент Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов және Руслан Рүстемовпен бірге қала тұрғындарын қабылдады.
Гүлнұр Сағындық облыс әкімінің қабылдауы өтетінін әлеуметтік желіден естіп келгендердің бірі. Қаланың шет аймағындағы Жаңадария көшесінің тұрғыны елуден астам отбасының талап-тілегін тікелей жеткізді. Ауыз су, көгілдір отын тұрғындардың өз күшімен тартылса, жолдың жайы да мәз емес.
Көпбалалы ана Гүлшара Әлсүгірова Асфендияров көшесіне газ желісін жүргізу мен жарықтандыруды сұрады. Аймақ басшысы қала әкіміне «ҚазТрансгазаймақ» мекемесінің басшылығымен бірге барып, жағдайды зерделеп, мәселені шешуді тапсырды.
Ал Сымбат Нұрланқызы жақында ғана баспаналы болып қуанғанымен жауаптылардың салғырттығы салдарынан салы суға кетіп отыр. Ипотекаға алған тұрғын үйін су алған ол шығындарын өтеп беруін сұрайды.
Азаматтарды жеке қабылдау мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасында тікелей диалог орнатудың маңызды құралына айналды. Бұл – нақты мәселені шешуге бастайтын пәрменді әрі тиімді тетік. Қабылдауға келгендердің басым бөлігі тұрғын үй, несие, денсаулық, әлеуметтік көмек, жер мәселелерін көтерді. Облыс прокуроры «бұл қоғаммен байланыс жасаудың жүйелі жолына айналды»,- дейді.
Айта кетейік, жеке қабылдауларға алдын ала жазылушылар ғана емес, әлеуметтік желіден хабардар болған көпшілік те келді. Адам санында нақты шектеу жоқ. Мәселенің шешілуі уақытты талап етсе, жауапты тұлғаларға міндет жүктеледі. Ашықтық қағидатына негізделген қабылдау барысында 130-дан астам азаматтың өтініші қаралды.