#qyzylordatv
Елімізде 1 қаңтардан бастап алғаш рет жеке куәлікті рәсімдеген кезде, сондай-ақ құжаттың мерзімі аяқталып, ауыстырған жағдайда ешқандай төлем жасалмайды. Яғни, мемлекеттік баж төленбейді. Ал айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты паспорт, жүргізуші куәлігі және басқа да құжаттарды рәсімдеу құны қымбаттады.
Аружан Мейрамбекқызы желтоқсан айында 16 жасқа толды. Енді міне, жаңа жұмыс аптасы басталысымен халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, жеке куәлік алуға өтініш берді. Және заңға енгізілген өзгерістерге байланысты ешқандай мемлекеттік баж төлеген жоқ.
АРУЖАН МЕЙРАМБЕКҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
"Алдыңғы айда 16-ға толдым. Мен сияқты жаңадан куәлік алатын адамдарға тегін деп естіп жатырмыз. Бұл қарапайым адамдарға жасалып жатқан қолдау деп ойлаймын."
Азаматтар бұған дейін жеке басын куәландыратын құжат рәсімдеу үшін 0,2 АЕК көлемінде яғни 865 теңге төлейтін. Ал, жаңа жылдан бастап алғаш рет куәлік алатын және құжаттың мерзімі бітуіне байланысты ауыстыратын тұрғындар мемлекеттік баждан босатылды.
АҚӘДІЛ АППАЗОВ, ХҚКО №1 ҚАЛАЛЫҚ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
"Мерзімі бітуіне 30 күн қалған азаматтар тегін ауыстыра алады. Ал, бір жыл, алты ай срогы барлар ақылы түрде ауыстыруға болады. Жеке куәлік жоғалтқан жағдайда азаматтар ақылы түрде төлеп алады өтінішін жазып. Қазір енді бірінші қаңтардан бастап құжат ауыстырушылар көп келіп жатыр. Енді жеңілдік қой бұл халыққа көрсетіп жатқан үкіметтің."
- жоғары мемлекеттік наградалар иегерлері;
- құрметті атағы бар көпбалалы аналар;
- ардагерлер және соғысқа қатысушылар;
- ерекше қажеттілігі бар азаматтар мен сондай балалардың ата-аналары;
- әлеуметтік мекемелерде тұратын қарттар;
- жетім балалар және мемлекет қамқорлығындағы балалар;
Чернобыль апатынан зардап шеккендер мемлекеттік баждан босатылды.
Ал, айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты шетелге шығу паспорты, жүргізуші куәлігін алу секілді бірқатар құжаттарды рәсімдеу құны қымбаттады. Атап айтсақ:
- 16 жасқа дейінгі балаларға арналған 24 беттік паспорт – 17 300 теңге (4 АЕК) 2025 жылы 15 728 теңге
- 36 беттік стандартты паспорт – 34 600 теңге (8 АЕК). 2025 жылы 31 456 теңге
- 48 беттік паспорт – 51 900 теңге (12 АЕК). 2025 жылы 47 184 теңге
- Жүргізуші куәлігін алу – 5 406 теңге (1,25 АЕК)
Сонымен қатар, неке қию туралы куәліктің құны 1 АЕК немесе 4 325 теңге болып бекітілді. Енді қазақстандықтар үшін ажырасу құны екі есе қымбатқа түседі. Яғни ажырасуға өтініш беру үшін 8 650 теңгеге шығындануға тура келеді.