#qyzylordatv

Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында цифрландыру және жасанды интеллект саласын дамыту мәселесі қаралды. Жиынға селекторлық режим арқылы қатысқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мәжіліс өткізді.

Үкімет отырысынан кейінгі мәжілісте аймақ басшысы жауапты тұлғаларға цифрлық технологияларды дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған стратегиясы мен цифрлық картадағы тапсырмалардың сапалы әрі мерзімінде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Білім беру ұйымдарында жасанды интеллект стартаптарын құрып, балаларға арналған жасанды инттеллект сыныптары мен қосымша секцияларды іске қосу қажеттігін айтты. «Университет базасындағы Жасанды интеллект институтының жұмысын жетілдіру, тәжірибесін өңіріміздегі басқа да жоғары оқу орындары мен колледждерге, мектептерге енгізу бойынша жоспар әзірлеп, нақты ұсыныс енгізу қажет»,- деді аймақ басшысы.

 Былтыр «Kyzylorda Hub» технопаркін дамытудың жол картасы әзірленіп, 56 жасанды интеллект ивенті мен 5 инкубациялық бағдарлама жүзеге асты. Өңірде 8 ІТ-компания Astana Hub резиденті ретінде жұмыс істейді, ал 4 ІТ мектеп TechOrda бағдарламасы бойынша 66 маман даярласа, «Жасанды интеллект негіздері» курсынан 11 мыңнан астам адам онлайн негізде білім алған.