#qyzylordatv
Облыс орталығындағы ең көрікті орынның бірі - Президент паркі. Қазір бұл нысан қайта жаңғыртудан өтіп, жаңаша кейіпке еніп жатыр. Ауқымды құрылыс алаңына айналған аумақта 300 орындық балалар лагері мен қысқы бақ бой көтеруде.
АЙДАНА ЖҰМАДИНОВА – ТІЛШІ
"Дәл қазір қытымыр қыс маусымы болғанымен саябақтың сәні келісіп, мына ақ мамыққа оранған ағаштардың өзі табиғаттың ажарын ашып тұр. Ал жазда бұл маң тіпті құлпыра түспек. Қала тұрғындарының, әсіресе балалардың сүйікті орнына айналатыны қазірден-ақ байқалады. Мына айналмалы дөңгелек аттракционға мініп, қаланың сұлулығын, саябақтың әдемілігін жоғарыдан тамашалайтын күн алыс емес."
Жоба бойынша бұл аумақта бірнеше нысан мен қоғамдық кеңістіктер салу көзделген. Атап айтқанда, аллея, субұрқақ, амфитеатр, спорт, би, балалар ойын алаңдары, демалыс аймақтары,тамақтану орындары, велосипед және жүгіру жолақтары, тіпті сарқырама каналдары мен олардың үстінен өтетін көпірлер қарастырылған.
АЙДАНА ЖҰМАДИНОВА – ТІЛШІ
"Ботаникалық бақ аумағы да көрсең көз тоятын орынға айналмақ. Бақ ішіне Оңтүстік Африка, Оңтүстік және Орталық Америка, Қытай, Жапония, Мадагаскарда өсетін жасыл желек отырғызылады. Осындай ғажап табиғаттың әдемілігін тамашалап, бір сәт сергіп, бой жазып қайтқанға не жетсін?!"
Сондықтан ең маңыздысы ауқымды жоспарды ынта-жігермен сапалы әрі уақытылы орындау. Осы орайда кеше кешқұрым Президент саябағындағы қайта жаңғырту жұмыстарын Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов пен аймақ басшысы бастаған делегация көріп шықты. Бір топ сенатор мен мәжілісмен, сондай-ақ «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов және «Самұрық-Қазына Траст» корпоративтік қорының бас директоры Альфия Адиева атқарылып жатқан қыруар шаруаға куә болды.
Ал балалар лагерінің құрылысына 6 гектардай жер бөлінген, бұл аумақта әкімшілік ғимарат, іс-шараларға арналған ивент-аймақ, 4 тұрғын корпус, қонақүй үлгісіндегі шағын ғимарат, 5 дәстүрлі киіз үй, ашық бассейн, стадион, футбол алаңы, сахна, өзге де демалыс және техникалық нысандар салу жоспарланған.
АЙДАНА ЖҰМАДИНОВА – ТІЛШІ
"Қызығы сол, «Астана» шағын ауданынан Президент саябағына дейін жаяу жүргіншілер көпірі салынады. Қазір оның жоба-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Ал мына атшаптырым аумақта инвестор қаражаты есебінен «Rixos» бес жұлдызды қонақ үйі салынып жатыр. Қазірдің өзінде тындырымды тірлік көңіл қуантып тұр, ал алдағы уақытта шаһардың өзіндік эстетикасы қалыптасып, архитектурасы айрықша болатынына сенім мол."