#qyzylordatv

Елімізде 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілді. Өзгерістер жеке тұлғаларға да, бизнеске де қатысты. Жаңа Салық кодексі жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетінде жарияланған көлемді сұхбатында пікір білдірді. Президенттің айтуынша, бұл реформа – қатардағы «фискалдық науқан» емес, салық жүйесін қайта құру деген сөз. Сонымен, биыл салық төлеушілерді не күтіп тұр? Тілшіміз Әкімжан Жолтаев тарқатып айтады.

ӘКІМЖАН ЖОЛТАЕВ, ТІЛШІ

//Мемлекет басшысы Түркістан газетінде жарияланған сұқбатында жаңа Салық кодексі жайлы өз ойын ашық айтты. Президенттің сөзінше, жаңа Салық кодексінде бақылау жасауға емес, өзара серіктестік орнатуға баса мән беріледі. Яғни осы үдеріске қатысушылардың бәрі мемлекет те, бизнес те, азаматтар да өз міндетін адал орындауға тиіс. Бірін-бірі өзара толықтырып тұратын мұндай жүйеде салық төлеу ауыртпалық ретінде қабылданбайтын болады. Түптеп келгенде, салық төлеу дегеніміз – заманауи қоғамдық келісімшарт деген сөз. Салық төлесеңіз – қызмет көрсетіледі, инфрақұрылым салынады, қауіпсіз орта қалыптасады, тың мүмкіндіктер пайда болады.//

Сонымен, жаңа кодексте барлық дерлік салықтың төлеу тәртібі мен мөлшері өзгерді. Жаңа салық түрлері пайда болды. Айталық, биылдан бастап сән-салтанат салығы енгізілді. Енді аса қымбат тауарлар мен мүлікке қосымша салық салынады. Мәселен, құны 75 млн теңгеден асатын қымбат көлігіңіз, 100 млн теңгеден асатын яхта не ұшағыңыз болса 10 пайыз акциз түрінде салық салынады. Дәл осы салық түрі литрі 500 мың теңгеден қымбат алкогольге, данасы 10 мың теңгеден асатын темекіге қолданылады. Сонымен қатар, жалпы құны 450 млн теңгеден асатын үй-жайы бар азаматтардың мүлік салығы да көтерілді. Ал, жылдық айналымы 43 млн. теңгеден асатын бизнес өкілдері үшін қосылған құн салығы 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтерілді.Есесіне, тегін медицина, әлеуметтік сақтандыру, кітап басып шығару және археологиялық жұмыстар қосылған құн салығынан босатылды. Мамандардың айтуынша, Жаңа кодекс салық жүйесін жеңілдетуге, кәсіпкерлерді қолдауға, әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қорғауға және экономиканы дамытуға бағытталып отыр.

Бұған дейін алкоголь өнімдерін сақтайтын және бөлшек саудада өткізетін тұлғалар әр тоқсан сайын жекелеген алымдар үшін лизенциялық төлемдер төлейтін. Жаңа жылдан бастап бұл төлем алынып тасталды. Жаңартылған кодекстегі тағы бір жаңашылдық, өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арнаулы салық режимі енгізілді. Бұл жерде олар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмейді, жеке табыс салығын төлемейді. Бірақ медициналық сақтандыру жарнасы, зейнетақы қоры сияқты әлеуметтік төлемдер аударуға міндетті. Ал, оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын жеке кәсіпкер әлеуметтік және қосылған құн салығынан босатылады. Арнаулы салық тәртібімен жұмыс істеуге болатын қызмет түрлерін үкімет анықтайды.

Салық саласының мамандары арнаулы салық режимдерін қолдану жеке кәсіпкерлер үшін тиімді екенін айтады. Сондай-ақ, Жаңа кодексте прогрессивті жеке табыс салығы енгізілді. Яғни, табысы көп адамдар көбірек салық төлейді. Егер азаматтың жылдық табысы 8 500 АЕК-тен асса, оның табысына 15 пайыз салық салынады. Сала өкілдері жаңа ережелерге өтуді барынша жұмсақ жүргізуге уәде етуде. Алғашқы айларда салық органдары айыппұл салумен емес, кеңес берумен, түсіндіру жұмыстарымен айналыспақ.