#qyzylordatv

Бүгінде өңірімізде шетелдік оқу орнымен бірлесіп ІТ сала бағытындағы үздік мамандар даярланып жатқанын ерекше атап өту керек. Осы орайда инновация құралының білім беру саласына қалай әсер етіп жатқанын тілшіміз Айдана Жұмадинова айтып берсін.

Жасанды интеллект еліміздің білім беру жүйесін икемді, тиімді және қолжетімді ете алатын қуатты құрал. Осы орайда 2023 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Жасанды интеллект институты ашылып, Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетімен бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру басталды. Бағдарламалар «Ақпараттық жүйелер», «Компьютерлік бағдарламалау және бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу», «Киберқауіпсіздік», «Информатика» бағыттары бойынша жүзеге асырылуда.

АЙДАНА ЖҰМАДИНОВА – ТІЛШІ

//Қазіргі уақытта институтта 198 студент білім алуда. Мұнда Қызылорда облысынан ғана емес, еліміздің бірқатар өңірінен келген студенттер оқиды. Институттың ашылуы ІТ салада үздік маман болғысы келетін жастарға үлкен мүмкіндік берді. Олар өз идеяларын жүзеге асырып, стартап жобалармен айналысуда.//

Мемлекет басшысының жасанды интеллект пен цифрландыруды дамытуға қатысты ұстанымы Turkistan газетіне берген сұхбатында айқындала түсті. «Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы» деді Президент. Яғни, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу – өркениетті мемлекет қалыптастырудың негізгі шарты болып отыр.

Сонымен қатар, аймақта цифрлық инновациялар мен кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Kyzylorda hub» орталығы 2023 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Мұнда стартаптарды дамыту бойынша оқыту курстары өткізіліп, хакатондар, инкубациялық бағдарламалар ұйымдастырылады. Тіпті тұрғындардың орталықтағы интернетке қосылып, компьютерлерде тегін жұмыс жасауына да мүмкіндік берілген.

Түсірілім барысында студенттер косметология, ақпараттық қауіпсіздік бағытында бірнеше жоба әзірлегенін білдік. Ізденімпаз жастардың креативті идеялары ел дамуына үлес қосары сөзсіз.