#qyzylordatv

Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы аймақтағы жол-көлік инфрақұрылымының сапасына жақсы баға берді. Сондай-ақ биыл «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық автожолының Қызылордадан Ақтөбеге дейінгі аралығындағы төрт жолақты жол құрылысы басталатынын айтты. Тағы бір жаңалық, Бейнеу мен Сексеуілдің арасында жаңа жол салынады.

ӘКІМЖАН ЖОЛТАЕВ, ТІЛШІ \Қызылорда мен Ақтөбе аралығындағы автожолды бірінші санатқа ауыстыру көпшіліктің көкейінде көптен бері жүрген мәселе болатын. Себебі, қазір күрежолдың бойында көлік ағыны көбейген, жол апаты да жиі орын алады. Мемлекет басшысы бүгінгі Құрылтайда осы мәселеге ерекше тоқталды және екі өңірді байланыстыратын төрт жолақты жол құрылысы биыл басталатынын айтты\

 ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ \ Батыс Қытай-Батыс Еуропа Қазақстандағы ең негізгі жолдың бірі. Алайда оның Қызылорда Ақтөбе арасындағы бөлігі тар, көлік апаттары жиі болып жатады. Мен осыған дейін бұл жолды кеңіту туралы тапсырма бердім. Биыл осы бағытта төрт жолақты жаңа күре жолдың құрылысы басталады. Қазіргі жолдың көбі облыста ішкі жол болып қала береді \

Күре жолдың бойынан күніне әрі-бері 10 мыңға жуық көлік жүреді. Соның ішінде халықаралық бағыттағы жүк көлігі көп.

 ЖӘНІБЕК СЫЗДЫҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ \Қазіргі таңда бұл жол екі этапқа бөлінді. Бірінші этап Қызылорда қаласынан айналма жолы. Қазіргі таңда оның сараптамалық қорытындысы шығып, құрылыс монтаждау жұмыстарына мердігерлерді анықтау бойынша конкурстық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Екінші этап 462 шақырым болып табылатын Қызылорда қаласынан Сексеуілге дейін төрт жолақты болып кеңейту бойынша те.экон.негіздемелер жасалды. Қорытындысы алынды, жалпы суммасы 832 млрд. құрайды. Жобаланған 462 шақырымның 170 шақырымы Қызылорда қаласының айналма жолынан бастап солтүстік батыс жағынан кетеді. Ол үш ауданның сыртын қамтамасыз етіп кетеді\

 Тағы бір жаңалық, «Бейнеу-Сексеуіл» жолының да құрылысы биыл басталады. Жалпы 559 шақырымды құрайтын автобанның 189 шақырымы біздің өңірге тиесілі. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда Арал ауданындағы Ақбасты, Құланды, Қосаман сияқты бес елді мекенге жол түседі.

 ЖӘНІБЕК СЫЗДЫҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ \Ол бойынша қазір жобалар жасалды. Арал ауданынан өтетін болғандықтан бұл жолдың бізге тиімділігі көп. Аудандағы шет ауылдардың үстін қамтып өтетін болады. Орталық Қазақстаннан Батыс Қазақстанға дейін 9 шақырым жол қысқарады деп күтілуде\

Тілші: Тағы бір ауқымды жоба «Қызылорда-Жезқазған» автожолының Ұлытау облысына дейінгі 192 шақырымы толықтай асфальттанып, ел игілігіне берілген болатын. Президент енді жыл соңына дейін республикалық маңызы бар жолдың Ұлытау облысындағы бөлігінде құрылыс жұмыстары аяқталатынын айтты. Сонымен қатар, «Сарыағаш айналма жолының» құрылысы қолға алынбақ. Бұл жобалар Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін арттырып қана қоймай батыс пен шығысты байланыстыруға үлкен мүміндік береді.